Абай облысында «Саламатты Қазақстан» пойызы жұмысын бастады

11 Шілде 2022, 13:11
2197
Бөлісу:
Абай облысында «Саламатты Қазақстан» пойызы жұмысын бастады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 11 шілдеден бастап «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы  Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының шалғайдағы станциялары мен оларға жақын орналасқан елдімекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізеді.

Медициналық пойыз өз жұмысын Абай облысындағы Жарма станциясынан бастады. Одан әрі 13-17 шілде күндері Жаңғызтөбе, 25-26 шілде күндері Суықбұлақ, 27-28 шілде күндері Белағаш және 29-30 шілде күндері Ауыл станциясында тұрғындарды қабылдаса, 15-16 шілде күндері Шығыс Қазақстан облысындағы Предгорная станциясында, 17-18 шілде күндері Черемшанка, 19-20 шілде күндері Бұқтырма, 21-22 шілде күндері Заводинка, сондай-ақ 23-24 шілде күндері Тұрғысын станциясында өз жұмысын жалғастырады. Консультациялық-диагностикалық пойыздың дәрігерлері өздеріне қаралушыларды таңғы 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қабылдайды.

Абай облысында «Саламатты Қазақстан» пойызы жұмысын бастады

2022 жылдың 20 маусымында Қазақстан бойынша жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы Жетісу облысында 30 маусым мен 10 шілде аралығында разъездер мен шағын станциялар халқына тексеру әрі емдеу жұмыстарын жүргізді.

Абай облысында «Саламатты Қазақстан» пойызы жұмысын бастады

Атап айтқанда, Жетісу облысында 6 станцияның: Айнабұлақ, Көксу, Егінсу, Бескөл, Жайпақ және Достық тұрғындары тексерілді.

Консультативті-диагностикалық пойыздың дәрігерлері 828 тұрғынды, оның ішінде 149 баланы тексерді. Жалпы дәрігердің қаралымында 828 адам болды. 84 шағын хирургиялық операция жасалды, оның ішінде  84 тіс жұлынды.

ЖПД/терапевт/педиатрдың қарауында 570 адам, хирургте 226 адам, офтальмологте 528 адам, құлақ дәрігерінде 532  адам, гинекологта 282 адам, стоматологта 226  адам болды. 

Сондай-ақ шалғай станциялардың тұрғындарына 348 ЭКГ жасалса, 190 ФЛГ мен 573 УДЗ процедурасы жүргізілді.

Жетісу облысындағы шалғай ауыл тұрғындар арасында ең көп таралған аурулар: миопия, катаракта және пресбиория. Медициналық пойыз дәрігерлері әр науқасты жіті тексеріп, консультация беріп, диагноздарын да қойып жатыр. Пациенттердің көбі құлақ дәрігері мен офтальмолог маманының қабылдауына асығады, –  деп атап өтті «Саламатты Қазақстан» пойызының жетекшісі Аман Қасенов.

Тұрғындар пойыз дәрігерлеріне еліміздің үздік мамандарынан кеңес алу мүмкіндігі үшін шын жүректен алғыс айтып,  жоба ұйымдастырушыларына ыстық лебіздерін білдірді.

Медициналық пойыздың келгеніне қуаныштымыз. Құлағым естімеуші еді, кешеден бері жақсы болды. Пойызға тағы келіп, қараламын. Дәрігерлерге алғысымды білдіремін.  Біз өте қуаныштымыз, жиі келіп тұрсаңыздар жақсы болар еді, –  деді Жайпақ разъездінің тұрғыны Бағдал Сәтбаев.

Медициналық пойыз 2022 жылдың соңына дейін еліміздің 67 шалғай станциясына барады деп күтілуде. Пойыз бағыты Алматы мен Жетісу өңірлерінен басталып, одан әрі Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Ұлытау облыстары арқылы өтеді.

«Саламатты Қазақстан» – «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасының бір бөлігі. Жобаның басты мақсаты – сапалы медициналық қызметке жүгінуге мүмкіндігі жоқ еліміздің шалғай станциялары мен оларға жақын жердегі ауылдардың тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу.

«Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары жалпы саны 60 000 адамды қамтып, дәрігерлердің қабылдауына келу саны 100 000, диагностикалық емшара 18 000, шағын хирургиялық операция 1 200 болса, 8 000 адамға стоматологиялық көмек көрсетіледі деп күтіліп отыр. «Жәрдем» медициналық пойыз мамандары 22 шілдеге дейін Ақтөбе облысының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетеді. Екі медициналық пойыздың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz  ресми сайтынан немесе 8 7172 60 45 94, 8 701 206 15 40 нөмірлері арқылы, сондай-ақ @medpoezd.kz Instagram парақшасынан біле аласыздар. 

Медициналық персоналдың құрамы әртүрлі бейіндегі білікті мамандардан тұрады: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог, рентгенолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, эндоскопист, функционалдық диагностика дәрігері. Биыл медицина мамандарының құрамына психолог және дерматовенеролог қосылды, жобаға барлығы 36 маман қатысады.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай қолдауымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырылуда.

Өзгелердің жаңалығы