Абай облысы мен Қытай инвесторлары арасында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойылды. Жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жасыл энергетиканы дамытуға бағытталған.
Облыс әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Ордос қаласында «Ішкі Моңғолия Ваньцзян Инвест» компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Абай облысында жылына 300 мың тонна алюминий өнімін өндіретін зауыт салынып, жалпы қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциялары іске қосылады. Бұл жобалардың жалпы инвестициялық құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды.
Өңір басшысы аталған жобалардың облыс үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, инвесторлармен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.
Жұмыс сапары барысында Берік Уәли Қытайдағы бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен де танысты. Атап айтқанда, энергия үнемдейтін жылыту жабдықтарын шығаратын Inner Mongolia Wanzhong Yinuan Technology Co., Ltd және дайын тағамдар мен жартылай фабрикаттар өндіретін Ordos Wanpu Shanfang Food Co., Ltd кәсіпорындарын аралады.
Кездесулер барысында өнеркәсіп, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, Берік Уәли бастаған Абай облысы делегациясының Қытайға жұмыс сапары барысында жалпы құны 4 млрд АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды.