Абай облысында алаяқтар зейнеткердің пәтерін сатып жібермек болған

Полицейлер 67 жастағы әйелдің жалғыз баспанасынан айырылып қалуына жол бермеді.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 15:17
Бүгiн 2026, 15:17
95
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Абай облысында киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері алаяқтардың ықпалына түскен зейнеткердің пәтерін сатпақ болған әрекетті тоқтатты.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жедел жұмыстар барысында 67 жастағы әйелдің өз пәтерін нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға шұғыл сатуға тырысып жатқанын анықтаған.

Тексеру кезінде әйелдің алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін екені белгілі болды. Полицейлердің айтуынша, күдіктілер психологиялық қысым мен айла-шарғы арқылы зейнеткерді жалғыз баспанасын сатуға көндірген.

Полиция араласқан сәтте пәтерді сату бойынша алдын ала келісімшарт дайын тұрған. Киберполиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында мәміле тоқтатылып, әйел баспанасынан айырылып қалудан аман қалды.

Полиция соңғы уақытта алаяқтардың азаматтарға психологиялық қысым көрсету тәсілдерін жиі қолдана бастағанын ескертті. Олар адамдарды асығыс шешім қабылдауға, несие рәсімдеуге, ақша аударуға және тіпті жылжымайтын мүлікті сатуға итермелейді.

Ведомство тұрғындарды кез келген мүлікке қатысты мәміле кезінде сақ болуға, бейтаныс адамдарға сенбеуге және қысыммен шешім қабылдамауға шақырды. Сондай-ақ туыстармен, заңгерлермен және мамандармен ақылдасуға кеңес берді.

Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласу қажет.

Наверх