Абай облысында биіктігі 2 метрге жететін жерүсті қарлы туннель пайда болды, деп жазады BAQ.KZ.
QazAvtoJol баспасөз қызметіне хабарлағандай, Абай облысының аумағында соңғы екі тәулік ішінде қатты боран соғып, қолайсыз ауа райы салдарынан бірқатар күре жолда жол қозғалысына шектеу енгізілген.
Күре жолдарда арнайы техниканың көмегімен қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Алматы - Өскемен" және "Өскемен - Семей" жолдарының екі учаскесінде биіктігі 2 метрге жететін жерүсті қарлы туннель пайда болды. Қатты екпінді желдің соғуы нәтижесінде қар жол резервінен жолдың жүру бөлігіне тасымалдануда, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Көліктерді өткізіп жіберу үшін жолшылар Қалбатау ауылынан Өскемен қаласына дейінгі бағытта жолды тазалады. Қазіргі уақытта жолшылар жолдың жүру бөлігін кеңейту бойынша жұмыстар атқарып жатыр.
Қар тазартуға 33 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.