Абай облысында 9 айда қандай тірлік атқарылды?

16 Наурыз 2023, 17:04
983
Бөлісу:
Абай облысында 9 айда қандай тірлік атқарылды?
Фото: Абай облыс әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысын құру туралы шешім қабылдағанына бір жыл толды, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің Абай облысындағы тілшісі.

Кешенді жоспардан не күтеміз?

Бір жыл ішінде, нақтырақ айтсақ, 9 айда қандай жұмыс атқарылды? Бұлай деп отырғанымыз, Нұрлан Ұранхаев тек маусым айында облыс әкімі қызметіне тағайындалды.

Абай облысында 9 айда қандай тірлік атқарылды?

Тоғыз айдағы ең үлкен жұмыс жұмыс ретінде Үкіметте Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының бекітілгенін айтуға болады. Жоспарға сәйкес 5 жылда 9 бағыт бойынша 102 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. 2023-2027 жылдары өңір экономикасына шамамен 1,9 трлн теңге инвестиция тартылады. Таратып айтсақ, республикалық бюджеттен 515 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 110 млрд теңге, жеке инвестициялар есебінен 1,3 трлн теңге, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 22 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. 

Кешенді жоспарда әсіресе әлеуметтік салаға басымдық берілген. Осы мақсатқа 194 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Облыста 2028 жылға дейін 7 медициналық нысан салынады. Оның ішінде 400 төсектік көпбейінді аурухана мен 300 орындық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы атап өтуге болады. Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – мектеп тапшылығы. Бүгінде аймақтағы білім ошақтарында 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Осыған орай облыста білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 510 орындық 6 шағын жинақталған мектеп бой көтермек. Бес жүз орындық Оқушылар сарайын салу да жоспарда бар.

Келелі келісімдер

Ал тоғыз айда өңірде нендей шаруа жасалды? Облыс орталығы Семей қаласында  желтоқсан айында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының балалар бөлімі қайта жөндеуден кейін ашылды. Қазір нысан заманауи инфекциялық бақылау талаптарына жауап беретін алты қабатты жаңа ғимаратта орналасқан. Жыл басында шаһарда 150 орындық мүмкіндігі шектеулі жандарды сауықтыру және оңалту орталығы ашылды. Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы «L-410» лайнерін сыйға тартты. Аймақтың медицина мамандары бұған дейін «АН-2» ұшағымен алыстағы елді мекендерге екі-үш сағатта жететін. Ұшу ұзақтығы екі есе қысқарды. 

Абай облысында 2022 жылдың желтоқсан айынан бір жасар бала мидың МРТ зерттеуінен өте алады. Шілде айында ерекше балалары бар аналар облыс басшысы Нұрлан Ұранхаевтан сәбилерді басқа қалаларға жібермей диагностикалау мәселесін шешуді сұраған болатын. Жаңа жыл қарсаңында Ядролық медицина және онкология орталығында бір жасар балалардың бас миын МРТ сканерлеу сәтті өтті, - дейді облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Назым Теңелбаева.

Абай облысы құрылғалы бері аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев өңірдегі халықпен 13 кездесу өткізіпті. Орынборда өткен Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы форумының қорытындысы бойынша Абай облысы әкімдігі, Алтай өлкесі мен Омбы облысының басшылары арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Жақында Краснояр өлкесі мен Абай облысы арасында меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдердің нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді.

Аспалы көпірді жапондар жөндейді

Семейде өткен жылы Ертіс өзені өткелінің құрылысы басталды. Апатты деп танылған ескі көпірдің жанынан ұзындығы 810 метр болатын, төрт жолақты өткел салынбақ. Қаладағы аспалы көпір де жөндеуден өтеді. Оған жапон мамандары көмектеседі. Нысанды тексеруден өткізген шет елдік сарапшылардың айтуынша, көлік өткеліндегі 90 метрлік бағаналарды жалғайтын негізгі кабельдер тоза бастаған. Сондықтан оның сырты суға төзімді материалмен қапталады. Көпірдің асфальт жабындысы да толық жаңалауды қажет етеді. Абай облыс әкімдігі қазір стратегиялық нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеп жатыр. 

Абай облысында 9 айда қандай тірлік атқарылды?

Соңғы 9 ай ішінде қаламызға қызығушылық танытқан инвесторлардың саны көбейді. 2023 жылдың 2 айында шағын және орта бизнес  субъектілерінен түсетін салық түсімдері мен төлемдерінің көлемі едәуір артып, өсу қарқыны 2022 жылдың ұқсас кезеңіне 112,0% құрады. Қазіргі таңда 2023 жылы еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға адамдар тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар да бөлінеді, - дейді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

Өзгелердің жаңалығы