Абай облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша облыс аумағында есірткіге қатысты 151 құқық бұзушылық тіркеліп, оның ішінде 77 қылмыс анықталған.
Заңсыз айналымнан 423 келіден астам есірткі мен психотроптық зат тәркіленіп, заңсыз әрекеттерге қатысы бар 40 адам ұсталды. Тәркіленген 423 келі 164 грамм заттың ішінде 306,3 келі марихуана, 111,6 келі қарасора, 1,9 келі гашиш, 3 келі гашиш майы және 190,7 грамм психотроптық зат бар.
Ұсталғандардың арасында 17 жастағы бір кәмелетке толмаған жасөспірім де бар. Сонымен қатар жыл басынан бері Алматы қаласы мен Павлодар облысынан Абай облысына есірткі жеткізетін екі тұрақты арнаның жолы кесіліп, 48 қылмыстық іс сотқа жолданды. Киберкеңістіктегі есірткі саудасына қарсы күрес те назардан тыс қалған жоқ.