Абай құндылықтарын волонтерлер дәріптеуде

12 Наурыз 2020, 18:27
3038
Бөлісу:
Абай құндылықтарын волонтерлер дәріптеуде
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәні өте жоғары. Оның шығармалары қазіргі заманғы психологиялық, мотиваторлық кітаптардан бірнеше есе артық. Студент кезімізде Абай өлеңдерін Дейл Карнегидің және басқа да психологиялық, мотиваторлық кітаптармен салыстыратынбыз. Сол кезде Абай, Шәкәрім өлеңдерінің сапасы өте жоғары екеніне көзіміз жететін. Бұл туралы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің тәрбие істері және әлеуметтік даму департаментінің директоры Мақсат Байзақ сұхбаттасу барысында айтты.

Абайдың 175 жылдығын атап өтуді бастап кетіпсіздер. Жақында соған орай әуе шарын ұшырыпсыздар. Тағы қандай іс-шаралар өтіп жатыр, сол жайында айтып берсеңіз?

Иә, биыл Қасым-Жомарт Кемелұнының тапсырмасы бойынша еліміз хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Одан бөлек ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы да атап өтілуде. Сондай-ақ биыл Волонтерлер жылы деп жарияланды. Осының бәрі бір-бірімен өте бір жақсы сабақтастық болып тұр.

Абай ерекше, дара тұлға. Ол қазақ қоғамында болсын, әлемдік аренада болсын өзіндік орны бар ойшыл, парасатты адам. Қазақты – қазақ ретінде өте жақсы таныған жан. Абай адамдардың пайдасына жарайтын өте көп құндылықтар қалдырды. Яғни оның кезінде айтып кеткен ақылы, кеңестері әлі де өзектілігін жойған жоқ. Абай қалдырған осындай құндылықтарды қазір волонтерлер дәріптеп жатыр. Мәселен, біздің университетімізде соған басымдық берілген. Яғни волонтерлер жылы мен Абайдың 175 жылдығын байланыстыра отырып түрлі іс-шараларды атқарып жатырмыз. Өткен жылдың күзінде университетіміздің қабырғасынан "Самғау" волонтерлер клубы ашылды. Олар жақында ғана құрылғанына қарамастан біраз әлеуметтік іс-шараларды өткізіп үлгерді. Жақында олар Абайдың құндылықтарын дәріптеу бойынша үлкен әуе шарын ұшырды.

Сондай-ақ халықтың назарын Абайға бұру мақсатында "Самғау" еріктілер ұйымы университет басшылығының қолдауымен "Абай өз құндылығымен халықты біріктіреді" атты акцияны қолға алды. Оның аясында жастар әртүрлі мамандық өкілдерінің қатысуымен видео ролик түсіріп жатыр. Ол жерде көше сыпырушы, базардағы сатушыдан бастап офис қызметкері мен басшылықтағы адамдарды бір адам ретінде көрсете алуда. Яғни, Абайдың әрбір адамды ұлтына, лауазымына қарамастан жалпы адамзаттты біріктіре алуында болып отыр. Абай қалдырған адами құндылықтар барша адамзатқа тән. Міне, осы шара аясында қазір видео ролик түсіріліп жатыр. Оған қатысатындардың барлығы Абайдың тәрбиелік мәні бар өлеңдерін оқиды.

Сонымен қатар, осы шараның аясында университет алдында Абайдың 175 жылдығы логотипі басылған үлкен әуе шарын ұшырдық. Абай бейнеленген бұл әуе шары арқылы Алматы тұрғындарының назарын Абайдың мерейтойына аудару болды. Біздің университетіміз қаладағы ең үлкен әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан. Бұл жолмен күніне миллионға жуық көлік өтеді екен. Сондықтан миллионға жуық адамға Абай ақынның биыл 175 жылдығы екенін таныстыра білдік деп ойлаймыз және бұл өте тиімді тәсілдің бірі болды.

Абайдың 175 жылыдғына орай алдағы уақытта тағы қандай шаралар ұйымдастырасыздар?

тау.jpg

Университет студенттері арасында Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа айту және абайтанушы ғалымдарды зерттеу бойынша шаралар өтіп тұрады. Одан бөлек "Абай және дін" тақырыбында ғылыми жоба өткізуді қолға алып жатырмыз, оны университетімізге қарасты Абу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастыруда. Біз Ислами, діни университет болғандықтан "Абайдың фиқһтық көзқарасы" атты семинар өткізгіміз келіп отыр. Сондай-ақ Абай дәуіріндегі Семей мешіттері мен медреселерін де зерттеп көрмекпіз. Бұның бәрі студенттердің қызығушылығына қарай Ислами тұрғыда зерттеледі.

Абай өлеңдерінде діни хикметтер өте көп, сіздер сол жағына баса назар аудармақсыздар ғой?

Биыл Абайдың 175 жылдығы болу себепті Абай жан-жақты қаралып жатыр. Тарихшылар тарихи оқиғаларды, әдебиетшілер шығармашылығын, ал біз дін университеті ретінде діни жағын зерттегеніміз дұрыс. Яғни басымдықты дін жағына бере отырып, қазақылық, тәрбиелік, салт-дәстүрге байланысты айтқандарын бәрін қамтып өтеміз. Мәселен, "Абайдың ақидалық көзқарасы" деген семинар ұйымдастырайын деп жатырмыз. Абайдың 38-ші қара сөзінде Абу Ханафи мазхабы бойынша Матруди ақидасын сипаттайды. Қарап тұрсаңыз біз оқып жатқан арабша кітаптардағы ол Матруди ақидасы. Түсінікті болу үшін айта кетсем, Матруди ақидасы – сенім мәселесі. Кезіндегі біздің ата-бабамыз ұстанған сенімі қандай болған деген сұрақ пайда болады. Абайдың қара сөзіне қарасақ біздің ата-бабамыз Матруди сенімін ұстанған. Матруди деген Мауренахр аумағынан шыққан үлкен ғалым кісі. Аллаға деген сенімді зерттеп, жазып кеткен адам. Сол сенімді Абай өзінің қарасөзінде сипаттайды. Яғни Абай ұстанған сенімді біздің Нұр-Мүбарак университеті әлі күнге дейін оқытып келеді. Ата-бабамыз ұстанған сенімді қазіргі кезде де еш өзгеріссіз ұстанып келеміз.

Абайдың өлеңдерін оқып отырсаңыз көбі дінге келіп тіреледі. Сырт көзге тәрбиелік мағынадағы өлең болып көрінуі мүмкін, ал түбін зерттеп келсеңіз құранға, пайғамбарымыз үйретіп кеткен сүннетке сәйкес келеді. Жаңа ғана айтқан қара сөзінің өзі осыған дәлел. Дін дегегеніміз не? Ол – адал болуға, тәрбиелі, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей құрметтеуге үйретеді. Бұл жалпы адами қасиет. Осының бәрін Абай өлеңдерінде көтеріп отырды.

Алдағы уақытта "Абай және дін" атты жинақ кітабын әзірлеп жатырмыз. Біздегі Абу Ханафи ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Шәмшидин Керімнің ұйымдастыруымен, басшылық етуімен жасалып жатыр. Кітап жарық көрген кезде БАҚ өкілдерінің қатысуымен таныстыру шарасын өткіземіз.

Күзге қарай "Әбу Насыр әл-Фараби және Абай Құнанбайұлының діни көзқарастарының сабақтастығы" атты халықаралық конференция ұйымдастырамыз. Мұның бәрі жоспарда бекітілген. Оған жалпы жеті жүзге жуық адам қатысады деп отырмыз. Түркиядан, Өзбекстаннан ғалымдар келеді деп отырмыз. Қазір шетелдегі абайтанушы адамардың тізімі жасалып жатыр.

Абайдың 175 жылдығында қандай мәселеге көңіл аудраған жөн?

Биыл Абай мерейтойын атап өтеміз деудің өзі үлкен жақсы жаңалық. Мәселен, оқушы кезімізде мұғалімдердің жүктеуімен көптеген кітапты оқыдық. Уақыт өте келе ол оқыған кітаптарымыз бізді тәрбиеледі. Бұл жерде де сол секілді, қазір біз Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін, басқа да құнды кеңестерін қоғамға, оның ішінде жастарға сіңіре білуімуіз керек. Оны әртүрлі форматта ұсынған жөн. Ғалымдар ғылыми түрде жеткізсін, жастар флешмоб, эстафета, челлендж арқылы өлең оқып жеткізсін. Осылайша оның өнегелі сөздері әр адамның санасында қалып кетеді, яғни пайдасын тигізбей қоймайды. Кезінде отырып жаттаған бір шумақ өлеңдеріміз қазір маңызды істерімізді бір қырынан қарауға көмектесіп жатыр. Сондықтан бұл жерде қатып қалған ештеңе жоқ, жан-жақты насихатталған сайын ол сала да өз деңгейінде әсерін береді. Әсерін беру арқылы халықтың арасында үлкен қозғалысқа айналады. Яғни, Абай жеткізгісі келген құндылықтар адам санасына қайткенімен сіңе береді және әсерін қазір бермесе де болашақта беретін болады. Сондықтан Абайға қатысты семинар бола ма, басқа да өткізіліп жатқан кез-келген шараны қолдаған жөн. Әйтпесе қоғамда қатыгездік, зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Абайды насихаттау арқылы руханиятты көтереміз. Сондықтан биыл Абай мерейтойын атап өту дер кезінде көтерілген мәселе деп ойлаймын.

Университет қабырғасында Абайдың діни көзқарастарын зерттеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

Иә, шәкірттер бар. Бізде Абай, Шәкәрімнің шығармаларына қатысты зерттеулер, талқылаулар өте көп. Универсиеттімізде бұған дейін де "Абай айы" өтіп тұратын. Мәселен, жатақханада студенттер ұлы кемеңгердің өлеңдерін жаттап, өзара талқылап тұратын. Қарасөзін жатқа айтудан байқаулар өтіп отырады.

Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәні өте жоғары. Оның шығармалары қазіргі заманғы психологиялық, мотиваторлық кітаптардан он есе артық. Студент кезімізде Абай өлеңдерін Дейл Карнегидің және басқа да психологиялық, мотиваторлық кітаптарымен салыстыратынбыз. Сол кезде Абай, Шәкәрім өлеңдерінің сапасының өте жоғары екеніне көзіміз жететін.

Жалпы студент жан-жақты болу керек. Тек дінді ғана біліп қоймай, тарихымызды, өнегелі тұлғаларымызды білгені жөн. Сол үшін Абай, Шәкәрім өлеңдерін жаттатқызып отырамыз.

Университетте қанша студент оқып жатыр?

Қазіргі таңда бізде бакалаврда 1400-дей студент бар. Оның ішінде исламтанушы, дінтанушы, теолог, араб-ағылшын тілдері бойынша аудармашылар бар. Сонымен қатар, магистратура, докторантура да қарастырылған. 600 орынға арналған жатақханамыз бар. А және Б корпусы болып бөлінеді, онда қыздар мен ұлдар бөлек тұрады. Жатақхана толықтай қажетті заттармен қамтылған.

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті екі елдің бірігіп ашқан білім ордасы. Кезіндегі Египет президенті мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Ректор арабтар тарабынан тағайындалады, ал проректорды біздің тарап ұсынады. Сондай-ақ қазір жиырмаға жуық араб ұстазымыз бар. Олар осы университет аймағында тұрады және студенттермен тығыз байланыста. Бұл араб тілін тікелей меңгеру үшін үлкен мүмкіндік. Ол ұстаздардың жолы, қызмет ақысын бәрін Египет тарабы өз мойындарына алған. Университет арабтар тарапынан қаржыландырылмайды.

Дінді ұстану бағытына қарай арабтармен қарама-қайшылықтар болып қалмай ма?

Ондай қарама-қайшылықтар туындамайды. Себебі, бұл жерге келетін араб ұстаздар біздің аймаққа тән ұстанымдарға сай келеді. Бұл ұстаздар бізге Әл-Азһар университетінен келеді. Онда мойындалған төрт мазхаб бойынша оқытады. Осы төрт мазхабтан бөлек теріс ағымдар проблема шығаруы мүмкін. Дегенмен бізге Абу Ханафи мазхабын ұстанатын ғалымдар жіберіледі, өйткені біздің өңір осы мазхабты ұстанады.

Студенттерді шетелге тәжірибеге жіберіп тұру қарастырылған ба?

Әрине, Түркияға, Араб елдеріне жіберіп тұрамыз. Бұл өте қажетті нәрсе. Өйткені араб елдерінде көнеден келе жатқан діни материалдар өте көп. Қазір бұнымен шектелмей, халықаралық қатынас бөлімі арқылы Еуропа елдерімен және Америкамен байланыс құрып жатырмыз. Францияның Сорбонна университетімен, сондай-ақ Италияның университеттерімен қатынас орнатуды жоспарлаудамыз. Олардың кітапханаларында да қолжазбалар, материалдар көп. Міне, соларды да зерттегіміз келіп жатыр. Қазір қазақ тілінде діни кітаптарды көптеп шығарып жатырмыз. Өйткені халық ондай кітаптарды қазақша оқығысы келеді. Сондықтан діни білім ордасы ретінде ондай кітаптарды шығару біздің міндетіміз деп санаймыз. Егер біз халықтың сұранысын қамтамасыз етпесек, олар орыс тіліндегі және басқа да радикалды кітаптарды оқи бастайды. Оның арты үлкен зардапқа әкелуі де мүмкін.

Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Өзгелердің жаңалығы