Әйгілі ақын Төлеген Жанғалиев Абай елінде өтіп жатқан ақындар айтысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі айтыстың орны бөлек. Өйткені, Абай бабамыз өлмейтін, мәңгі жасайтын болса, осы айтысқа қатысқан, жүлде алған ақындардың аты өлмейді деген сөз. Бүгін ақындарымыздың бәрі сайдың тасындай. Олардың барлығының қалай да бас жүлдеге ұмтылып жатқан себебі сол. Мәселе — оның алатын бәйгесінде, затта емес. Мәселе — Абай атамның 180 жылдық тойында жүлдегер атандым деген керемет сөз. Мен білемін, 125 жылдықта да, 150 жылдықта да Мұхамеджан Тазабеков деген азамат алған. Абай тойының бар жерінде фамилиясы аталып жүреді. 180 жылдығында да сондай азаматтар шықса деймін. Қазір республиканың түкпір-түкпірінен кілең жүйріктер келді. Бәріне сәттілік тілейміз, - деп ағынан жарылды Төлеген Жанғалиев.
Айта кетейік, Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Адамзаттың Абайы" атты республикалық ақындар айтысы өтуде.
Жыр бәйгесінің түндігі бүгін, 8 тамызда сағат 10:00-де Семей қаласындағы Абай атындағы театрда түрілді.