Абай мен Мұхтардың қолтаңбасы қалған Семейдегі мәдени орталықтар күрделі жөндеуден өтеді

2 Тамыз 2022, 18:20
1838
Бөлісу:
Абай мен Мұхтардың қолтаңбасы қалған Семейдегі мәдени орталықтар күрделі жөндеуден өтеді

Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің шатырына жөндеу жұмыстары келесі жылы жүргізіледі, симфониялық оркестрді қайта жаңғырту жоспарлануда,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қаланың мәдениет нысандарын аралау барысында айтты.

Аймақ басшысының сапары Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасынан басталды. Облыс әкімі кітапхананың жұмысымен танысып, оның базасында жұмыс істейтін «Отбасы орталығы» қоғамдық қорына барды.

Нұрлан Ұранхаев 1883 жылы құрылған кітапхананың бай тарихымен танысты. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, кітапхананың алғашқы оқырмандарының бірі қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев болған. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен Абайдың есімі берілді.

ХVІІ ғасырдың екінші жартысы, ХІХ және ХХ ғасырдың басында жарық көрген 4500-ге жуық өте сирек кездесетін құнды баспа өнімдері бүгінгі күнге дейін сақталған. Кітапхананың сирек басылымдар топтамасы бай мұрадан, өңірмен байланысты әдебиеттерден, Императорлық Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің ғылыми басылымдарынан, қазақ зиялыларының көзі тірісінде шығарылған кітаптарынан, кеңес дәуірінің мерзімді баспасөзінен тұрады.

Облыс әкімі сондай-ақ Қазақстандағы ең көне және ірі музейлердің бірі -  облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барды. Мұнда аймақ басшысына ғимарат шатырымен байланысты проблемалар бар екені айтылды.

Музей шатырынан су ағып жатыр, біз қалпына келтіруге өтініш бердік. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз, бірақ бұл мәселені атап өткім келеді. Сондай-ақ, музей ғимараты шағын, өкінішке орай, барлық қолда бар экспонаттарды орналастыра алмаймыз. Музей аумағында тағы бір құрылыс жасаса мәселе орнымен шешілер еді, - деді музей басшылығы.

Облыс әкімі бұл мәселелерді бақылауға алатынын атап өтіп, келесі жылы музей шатырын жөндеуге қаражат бөлінетінін айтты.

Еске салайық,  музейдің өзі 1883 жылы саяси жер аударылғандар бастамасымен құрылған. Ұлы ақын Абай, философ әрі ойшыл Шәкәрім және жазушы Мұхтар Әуезов музей қызметіне әр уақытта өз үлесін қосқан. Бүгінде музей қорында 107 мыңнан астам экспонат бар.

Өзгелердің жаңалығы