Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Абай Құнанбайұлының 1909 жылы шыққан өлеңдер жинағына алғаш рет реставрация жасалды. Реставратор мамандар 120 беттен тұратын кітапты өңдеп, Семейдегі Абай музейіне табыстады.
Мәдениет және спорт министрлігінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ мамандары 1 айдан астам уақыт ішінде XX ғасырдан бері сақталған кітапты жаңа қалыпқа келтірді. «Реставрация-консервация» бөлімінің реставратор маманы Жансерік Бейсенқұловтың айтуынша, олардың қолына кітап үлбіреген қағаз түрінде жеткен.
Кітаптың бастапқы бетінің жыртылған жерлері XX ғасырда белгісіз қағаздармен жабыстырылған. Бізге мұқабасыз, тігістері сөгіліп, қағазы өте нашар жағдайда жетті. Беттерінің жартысы жоқ, үлбіреген қаға түрінде болды. Жұмыс барысында кітап толығымен қайтадан тігіліп, қышқылдылығы жоғарылап, түптелді. Беттерінің жоқ жерлері толықтырылып, кітап жаңа түрге ие болды. Кітапты жаңарту барысында реставрацияның барлық технологиялары қолданылды. Оны толық қылшылдық бейтараптау, таза былғары қолдану арқылы, мраморлық қағазбен қолдап, қатты түптеу арқылы кітапты оқуға болатын халге жеткіздік. Ол жаңа классикалық тігіспен тігілді, - деп түсіндірді реставратор.
Жаңартылған кітапты алып кетуге Семейдегі «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінен» арнайы келген мекеме директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі директоры Мейрамгүл Қайрамбаеваның сөзінше, Абай Құнанбайұлының қолжазбаларын ұрпағы тау мен тасқа тығып сақтаған. Реставрациядан өткен 120 беттік кітабында ақынның 100-ден астам өлеңі жинақталған.
Хакім абайдың көзі тірісінде шығармалары кітап болып жарық көрмегені белгілі. Қайтыс болғаннан кейін Әлихан Бөкейханұлының бастамасымен, Тұрағұл Абайұлы мен немере інісі Кәкітай Ысқақұлының көмегімен Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Музейімізде соның үш данасы сақталған. Біздегі нұсқалары нашар сақталған. Абайдың ұрпақтары қолжазбаларды тауға, тасқа тығып ұстаған. Кітап шығару үшін Мүрсейіт Бікеұлына қолжазбалардағы шығармаларды арнайы хатқа түсірген. Оны Семейден Санкт-Петербургке жіберіп, Абай Құнанбайұлының ұрпақтарының қатысумен жарыққа шығарған. Семейдегі тұлғалық музейде қағаз жәдігерлер, орыс, араб тілдеріндегі сирек кездесетін қолжазбалар, Абай оқыған медресенің 252 кітабы сақталған, - деді Мейрамгүл Сейтжаппарқызы.
Реставратор мамандар өңдеген кітап Санкт-Петербургте Илияс Бараганский баспасынан 1909 жылы араб қарпімен жарық көрген. Кейіннен 1922 жылы кітап толықтырылып, Ташкент және Қазан басылымдарында да шыққан. Аталған туындының соңғы нұсқасы, 3 томдық шығармалар жинағы 2020 жылы басып шығарылды.