Абай қолданған "елсіз-күнсізде" тіркесі туралы бірер сөз

7 Ақпан 2020, 17:12
4851
Бөлісу:
Абай қолданған "елсіз-күнсізде" тіркесі туралы бірер сөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлы ақын Абайдың тілдік қорында елсіз-күнсізде деген қолданыс бар. Оны ол бірінші қара сөзінде қолданған.

Хакім Абай алғашқы қара сөзінде бұл жасқа дейінгі өмірін алысып-жұлысып, әурешілікпен өткізгенін айта келіп, енді қалған өмірін қайтіп, не қылып өткізетіні туралы сыр шертеді.  

Ел бағу? Мал бағу? Ғылым бағу? Дін бағу? дегендерге кезекпен тоқталып, ең соңында ойына келген нәрселерін қағазға жаза беруге, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылуға бел буады. Соның ішінде «Ғылым бағуға» қатысты айтқан екі сөйлемінде «елсіз-күнсізде» қос сөзін пайдаланады:  

 

 

...Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік... 

Мұндағы елсіз деген форма түсінікті, ал күнсіз дегеніміз не? Неге ол елсізбен бірге дефиспен, яғни қос сөз түрінде берілген. «Елге аспандағы күннің не қатысы бар?» деген сұрақтың тууы әбден мүмкін.

Енді бізге түсініксіз болып тұрған күнсізде тіркесінің өзі не, соны талдап көрейік.

Біріншіден, Абайдағы елсіз-күнсізде әдеби тілдегі ел-күн қос сөзінің болымсыз формаға жатыс септігінің жалғанған түрі. Абайдан бөлек бұл қолданыс ешбір жерде кездеспейді. Қазақ тілінде ел-күн аманда; елде-күнде жоқ іс; елім-күнім деген формаларда жұмсалады (ол туралы төменде айтылады).  

Ал ел-күн қос сөзі көне түрік жазба ескерткіштерінен бастап, қазіргі түрік тілдерінде «ел-жұрт» мағынасында қолданылатын күрделі атау. Сөзіміз дәлелді болу үшін түрік жазба ескерткіштері мен тілдерінен деректер келтірейік.   

Көне және орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде:

Көне ұйғыр жазба мұраларында (IX-XI ғғ.) ил-күн «халық, қауым» (EUTS 2011: 122); күн-қадаш «тума-туыс» (ДTС 1969: 326). 

Көне ұйғыр жазулы Оғыз қаған дастанында ил-күн/йил-күн «ел-жұрт»: йылқыларны, ел-күнлерни йерди, бедүк йаман бир киик ерди «жылқыларын, ел-жұртын алды, аузын арандай ашқан жаман аң еді» (Oğuz.3/7...) (Ağca 2016: 250). 

Қарахан дәуірі (XI-XIII ғғ.) жазба ескерткіші Құтты білікте күн «ел, жұрт, халық»; ил-күн «ел-жұрт» (KB.245...) (Arat 1979: 300).  

Хорезм дәуірі жазба мұрасы Қиссасул әмбиеде күн «ел, жұрт, бұқара» (KE.243v16...).

Мәмлүк қыпшақ ескерткіші Китабүл Идрақта ил-гүн «ел, жұрт, халық»; илкүн «мемлекет» (кітап авторы Абу Хаянның пікірінше ил-күн деген атау, ил «ел» және күн «аспандағы күн» сөздерінен құралған, одан «мемлекет» мағынасы шыққан) (Kİ.22). 

Шағатай дәуірі жазба ескерткіші Лутфи диванында күн «халық» (LD.867).    

Анадолы түрік жазба мұрасы Деде Қорқут кітабында ил-гүн «ел, мемлекет»: ilim günüm çapıldı, kara başım bunlu oldu «елім шабылды, қара басым қайғыға баттым» (DKK.240-1).

Қазіргі түрік тілдерінде:

Татар т. ил-көн «ел, жұрт» (Öner 2009: 117); башқұрт т. ил-һүл «ел, мемлекет, отан, орда» (БTҺ I 1993: 375). 

Ұйғыр т. ел-күн «ел» (Räsänen 1969: 309a).

Түрік т. el gün «басқалар, өзгелер, біреулер; жұрт»; ele güne karşı «жұртқа қарсы»; el günle eğlenmek (тұрақты тіркес) «көппен көрген ұлы той» (Gülensoy 2007: 239); түрік тілінің диалектілерінде il gün «әркім, бәрі» (DS VII 1974: 2522); elgün maskarası «антұрған, елдің алдында абыройы қалмаған» (DS V 1972: 1714); әзербайжан т. el-gün «халық, жамағат, бұқара, ел; туысқан, ағайын» (AzTS 1994: 368).

Түрікмен т. ил-гүн «халық, жұрт»:

Илим-гүнүм болмаса, айым гүнүм доғмасын (мақал) «Елім-жұртым болмаса, айым-күнім тумасын» (TДС 1962: 335). 

Хакас т. күн «халық, ел, ұлт, ұлыс»; ир-күн «ерлер, ер-жігіттер» (HTS 2007: 280). 

Моңғол т. хүн «адам» (KMРС 1947: 279).

Сайып келгенде ел-күн дегендегі күн сөзі «аспан денесі» емес, «халық» мәніндегі күн сөзі екен. Ал ел-күн болса, екі синоним сөзден құралған қос сөз: ел-күн = ел-жұрт. Сонда Хакім Абайдың қара сөзіндегі елсіз-күнсізде тіркесін сөзбе сөз «елсізде, елсіз-жұртсыз жерде» деп те аударсақ болар еді. Ал елсіз-күнсізде қос сөзі Абай тілі сөздігінде «айдалада, оңаша жерде» деп берілген. Түсіндірмедегі «айдалада» дегені мағыналық жағынан дұрыс анықтама, өйткені елсіз жердің өзі айдала ғой. Біз қос сөздің сөзбе сөз аудармасы негізінде «елсізде, елсіз-жұртсыз жерде, айдалада, жапан (құла) түзде» деп те қосар едік.

Абайдағы елсіз-күнсізде дегеннен бөлек «ел» мағынасындағы күн сөзі төмендегі тұрақты тіркестер мен қос сөздерде де сақталған:

1. Ел-күн аманда «Ел аман, жұрт тынышта» (ҚӘTС V 2011: 240) (Қазақ әдеби тілі сөздігінде күн сөзі туралы жеке мағлұмат берілмеген, ел-күн, ел-күн аманда тұрақты тіркесі ғана түсіндірілген).

2. Елде-күнде жоқ іс «Ел салтында, жұрт әдетінде жоқ іс» (Қайыржан 2013: 127).

3. Елім-күнім «халқым, елім, жұртым, елім-жұртым»:

«Бұлғыр, Бұлғыр, Бұлғыр тау,

Бұлдырап тұрған құрғыр тау.

Қаптай қонар елім жоқ,

Елім-күнім Кәрібоз,

Сөйлесетұғын тілің жоқ

Ел таптырар ма екенсің (Ер Тарғын жыры). 

Сонымен, жоғарыда келтірген тіл деректері негізінде елсіз-күнсізде, ел-күн аманда, елде-күнде жоқ іс, елім-күнім тіркестері мен қос сөздері құрамындағы күн сөзі «ел, жұрт, халық» мағынасындағы сөз екендігін байқадық. Оның «аспан денесі», яғни нұрын шашатын күнге қатысы жоқ. Олай дейтін себеп – тілде бұрыннан келе жатқан ел-күн аманда тұлғасы соңғы кездері ай-күн аманда деп өзгертіліп қолданылуда. Бұл туралы қазақтың белгілі ғалымы Рабиға Сыздық айтқан болатын:

«Күн сөзінің қазақ тілінде «адам, кісі» деген мағынада жеке жұмсалуы ұмыт болғаны соншалық, бұл тіркесті қазірде ай-күн аманда деп қолданады. Бұл қолданыс әрі-беріден соң логикаға қайшы: ай мен күн өлмейтін, өшпейтін, әрқашан аман табиғат нысандары, ал ел-күннің, яғни халық, ел-жұрттың амандығы-жамандығы, өсуі, өшуі – логикаға сыйымды ұғымдар, сондықтан бұл күнде ай-күн аманда демей, ел-күн аманда деп келтіргендері жөн» (Сыздықова 1994: 68).

Ғалымның айтқанындай, ел-күн аманда дегендегі күнді аспан денесі күнмен байланысты көріп шатастыру тілде бар нәрсе. Тіпті, ай-күн аманда деген жаңа нұсқасы жиірек жұмсалуда. Бұны да күн сөзінің «ел» мағынасы ұмыт болуынан туындаған құбылыс деп білеміз. Яғни ел-күн аманда тіркесіндегі күнді аспандағы күн деп ұғып, елдің орнына ай сыңарын қосқан болуы керек. Ал елде-күнде жоқ іс, елім-күнім дегендердегі күннің «халық» мағынасындағы сөз екендігі тайға таңба басқандай көрінеді. Қос сөздердің басым көпшілігі синонимдерден құралатынын ескерсек (бала-шаға, азық-түлік, өлім-жітім, т.б.), мұнда да күн және ел деген мағыналас сөздердің қолданылғаны күмән тудырмайды. Оның үстіне көне түрік жазба ескерткіштері мен қазіргі түрік тілдеріндегі тілдік деректер күннің «ел» мағынасындағы сөз екендігіне дәлел бола алады.

   PhD доктор Мәрлен Әділов   

Өзгелердің жаңалығы