Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облыстық сотында өткен конференцияда хакім Абайды заң саласын жетік білген би, заңгер ретінде де танытуға көңіл бөлу керектігі айтылды.
Шараға қатысқан өңір басшысы Ермек Маржықпаев облыс бойынша Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өтіп жатқан игілікті шаралар, алда атқарылар жұмыстарға тоқталды.
Мерейтой аясында Көкшетауда Абайға арналып, ескерткіш те орнатылмақ. Бұл бір қала мерейін асырар, көркін кемелдендіре түсер жарасымды көрініс болмақ. Қаланың бір биігінен жұртына ақыл мен парасатты, әділдік пен мейірімді, қанағат пен салауатты, қамшы сабындай қысқа өмірдің мәнін айтып данышпан Абай тұрмақ! Оның айналасы тағылымды-танымдық композициялармен толықтырылмақ, - деді Ермек Маржықпаев.Қылмыстық қаракеттер тексеріліп, қатаң үкімдер оқылып, сұсы басып тұратын суық қабырғада – сот ғимаратында "Абай – би, Абай – заңгер" деген атаумен конференцияның ұйымдастырылғаны тосын жаңалық болғаны рас.
Абайдың әкесі Құнанбайдың жұмсауымен жастай билікке араласқанын, дау шешкенін, ел ісіне бел буып кіріскенін кім білмейді? Немесе, оның ақ патша заңдарын түпнұсқадан оқып, қараңғы жұртты жегідей жеген тілмаш, жалақтаған жебір шенеуніктерге тосқауыл қойып, халқына қорған болып отырғанын, тіпті атақты "Қарамола ережесін" жазғанынан да хабардар. Алайда, Абайды ақын, композитор, ақылман дана ретінде ғана қарастыру санаға сіңіп-ақ қалғандай. Ал, мына тақырып, көпшілік білсе де тереңдей қоймайтын, мамандардан былайғы жұрт дендемеген тың тақырыпты алға алып шығу серпінді жаңалық. Оның үстіне Абайдың сот заңдары, әділ шешім, дау-дамай жөнінде арнайы айтқаны, қаракеті, жазғаны мол. Абай әлі талай ұрпақты тәрбиелейді, - деді Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров.
"ҚР Ардагерлер ұйымы" төрағасының орынбасары, профессор Өмірзақ Озғанбаев Абайдың заң ғылымына қатынасы, Абай өскен орта, оның аталарының ел дауына араласы туралы терең әңгіме өрбітті.
Елбасы айтқандай, Абай даналығын, рухани асыл мұрасын насихаттау, келешек ұрпақты көркем сөйлеуге, еңбекқорлыққа, шығармашылық жұмыс жасауға талпындыру сіздер мен біздердің міндеттеріміз. Ұлы Абай тағылымы өмірдің қай саласына болса да сүйеу боларлық қой. Абай айтқан әділдік, шыншылдық, алым алып, пара беріп тайраңдамаққа қарсылық, ілім-білімге құштарлық, парасаттылық сот жүйесіне қажет емес пе? Ұлылықтың сырына қанық болып, даралық пен даналықтың қандай болатынын ұғынғымыз келсе, дана да дара тұлға Абай атамыздың әлемімен таныс болуымыз керек. Абайды тану арқылы біз Қазақстанды танимыз. Абай әрқашан ұлттық ұранымыз болуы тиіс! - деді Өмірзақ Озғанбаев.