Абай-175. Ақынның туған жерінде 30 жоба қолға алынған

8 Мамыр 2020, 10:17
2268
Бөлісу:
Абай-175. Ақынның туған жерінде 30 жоба қолға алынған
Фото: дереккөз

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Жидебай музей-қорығы қайта жөндеуден өтіп, толық жаңаратын болады.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде жол жөндеу, мектеп салу, сумен қамту және жарықтандыру, сондай-ақ Жидебай музей-қорығын қайта жөндеу жұмыстары бар.

Абай ауданына жұмыс сапарымен атбасын бұрған өңір басшысы Даниал Ахметов жүргізіліп жатқан жұмыстарды көзімен көріп қайтты.

Аудан орталығы Қарауыл аулында алты көшеде жол құрылыстары жұмыстары жүргізілсе, жеті көшесін жарықтандыру қолға алынған. Сонымен қатар ауылда 300 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, 5 мыңдай тұрғыны бар Қарауылды толықтай таза ауызсумен қамту да жоспарда бар. Осылайша, Абай ауданы облыстағы аудан, қалалар ішінде оза шауып, 100 пайыз ауызсумен қамтылған аймақтардың біріне айналмақ.

"Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020" бағдарламасы бойынша қолға алынған жұмыстар уақытылы атқарылып жатыр. Бірінші кезекте қабырғасы қаланып жатқан мектепті айтуға болады. Біз білім ордасына қажетті арнайы құрал-жабдықтарға қажетті қаражатты бөлдік. Осының арқасында құрылыс жұмыстары қарқындап, білім ордасының құрылысын шілде айында толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мұнда тамаша заманауи сыныптар болады, - деді Даниал Кенжетайұлы.
Жалпы, ауданда "Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында 30-дан астам жоба іске асырылуда. Олардың ішінде бой көтеретін 62 миллион теңгеге сахнамен жабдықталған ипподромды, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын, төрт ауылдық округте жүргізілетін жол құрылысы жұмыстарын, бір елді мекендегі көпір жөндеу жұмыстарын айтуға болады.

Жобаларды сәтті іске асырудамыз. Аудан орталығындағы жаңадан салынатын саябақта ақынның тойын тойлау үшін киіз үйлер орнатамыз. Кейін ол киіз үйлер алынған соң ол жерде балаларымыз, немерелеріміз, аудан тұрғындары демалатын ерекше жер
болады, - деп қосты облыс әкімі.

Еуразия кіндігі саналатын Жидебай қорығы биыл толық қайта жөндеуден өтеді. Осылайша, осыдан 25 жыл бұрын Абайдың 150 жылдық мерейтойы аясында ашылған аталмыш нысан бұл жолы түбегейлі жаңаратын болады.

Өзгелердің жаңалығы