Абай-175: Ақын тойы есеп үшін емес, ең болмаса бір өлеңді талдап, ұғынуға арналса

30 Қаңтар 2020, 19:28
2480
Бөлісу:
Абай-175: Ақын тойы есеп үшін емес, ең болмаса бір өлеңді талдап, ұғынуға арналса

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшелік зиялы қауым өкілдері Абай жылына арналған мерейтойлық шаралардың санына емес, сапасына мән беріп, тағылымдық тұстарына көп көңіл бөлу керектігін айтады.

Мерекелі жылда Ақмола өңірінде жыл бойы мыңнан аса іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференциялар, челлендждер, оpen air форматындағы
шаралар, айтыс, дәстүрлі Абай оқулары да бар.

 

Биылғы жылдың 14-15 мамырында Жанайдар Мусин атындағы қазақ жоғары педагогикалық колледжінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланған. Біз осы шараға Татарстан, Ресей, Қырғызстан елдерінің ғалымдарын шақырып отырмыз, - дейді Ақмола облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
 

Қазақ, орыс драма театрларында "Абай", "Қайран елім қазағым" спектакльдері қойылмақ. "El Jastar" театры "Жастықтың оты қайдасың?" қойылымын көрермендер назарына ұсынбақ. "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі Абайдың қарасөздері жазылған аудиокітабын жарыққа шығармақ. 

Өткізілетін шаралар әр саланы, әсіресе жастарды қамтитын болады. Челлендж өткізуге қарсылық білдіріп жатқандар бар. Меніңше, бұл шара да артық етпейді. Ұлы ақын шығармаларын танытуда акциялармен ғана шектелмейміз, - дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова. 

Облыста үш ауыл, 140 көше мен үш мектеп Абай есімімен аталады. Дарынды балаларға арналған №3 облыстық мектеп-интернатына Абай есімін беру көзделуде. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті алдағы уақытта Абай орталықтары ашылған Беларусия, Әзербайжан университеттерімен тәжірибе алмасуды мақсат етіп отыр. 

Аталған оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Мәскеу тіл білімі университетімен келіссөздер жүргізілуде. Студенттер үшін ұлы Абайдың туған жеріне сапарлар ұйымдастырылса артық етпейді деп ойлаймын. Мақсат – ұлы Абайды өз елімізде ғана емес, әлем жұртшылығына таныту. Шет елдердің талайы Абай туындыларына тамсанып, оның ойларының тереңіне үңілуге кірісті. Ғұламаның жүз елу жыл бұрын жазған шығармалары құнын жойған жоқ, - дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Айгүл Жақыпова. 

Зиялы қауым өкілдері мерекелі жылда өткізілетін шаралардың тағылымдық тұстарына көңіл бөлу қажеттігін айтады.

 

Флешмоб, акциялардан іргемізді аулақ салып, жастарға тағылым беретін шараларға ойыссақ. Абайдың бір шумақ өлеңін компьютер экранынан шала-пұла, сүрініп-қабынып оқып жалғастыру үстірт әрекеттің бірі секілді көрінеді. Ол өлеңді челленджге қатысушының бәрі түсініп оқып, тұшынып, жаттап алып оқып тұр дегенге сенер ме едіңіз? Сөйтсе ғана ол шарадан пайда болар еді ғой. Ал атүсті экраннан оқи салу не береді? Тағы сол көзбояу, өзімізді-өзіміз алдарқату болып шықпай ма? Осы мерекелі жылда ойшыл Абайды аптықпай, түгендеп оқып, түсінуге тырыссақ. Өтетін шаралар есеп беру үшін емес, ең болмаса Абайдың бір өлеңін талдап, ұғынуға арналса. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қасиетін білейік деп құлшынған тұста баламызға, немеремізге Абайдың айтқан ақылын жеткізейік. Жаттаған Абай өлеңдерін ешқашан ұмытпауын қадағалап, оның өзіне өмір бойы қорек боларын түсіндірейік, - дейді Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек.
 

 

Өзгелердің жаңалығы