Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың пайымдауынша біз бабаларымыздың шетсіз-шексіз аймақты мекен еткен көшпелілер емес, керісінше, өз уақытындағы көшпелі өмір мен отырықшы тұрмыс салтының озық тұстарын үйлестіріп, империялық деңгейде үстемдік құрған халық болғанын байқаймыз.
Осы тұрғыдан қарағанда, біздің көршілес Ресеймен екіжақты байланысымыздың тарихы кеңестік оқулықтарда жазылған кезеңнен гөрі тым терең екенін айтқым келеді. Ол кемінде XIII ғасырда Жошы Ұлысы атты империялық мемлекеттің аясында басталған. Десек те, Алтын Орда – өткен тарихымыз ғана емес. Ол, ең алдымен, бүгініміз бен болашағымыз. Бүгінгі ортақ мақсат-мұратымыз бен қоғам болып бет алған бағдарымыз Алтын Орда кезінен бергі ғасырлық дәстүрлерден бастау алады, – деді ол «Ұлық Ұлыс - Алтын орда: бастауы, тарихы және мұрасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар ол осы дәстүрлерді бірнеше түрге бөліп қарастырады.
Бірінші – орталықтан басқарылатын мемлекет.
Ұлық Ұлыстың тарихи тәжірибесі осыны көрсеткендей, табиғаты қатал, аумағы үлкен Еуразия құрлығының кеңістігінде мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет қана өсіп-өркендейді. Осы маңызды шарт Жошы Ұлысының «Алтын ғасырын» туғызды, – дейді Дәурен Әскербекұлы.
Екінші – меритократия.
Алтын Орда мемлекеті мен қоғамының маңызды ерекшелігінің бірі – адамдарды элита қатарына жеке қасиетіне қарап қосты. Қарым-қабілетінің арқасында қарапайым жігіттен әуелі батыр, одан соң би, кейіннен Алтын Орданың беклербегіне айналған Едігенің ғұмыры осыған анық дәлел. Бүгінде мемлекетіміз меритократияның басты қағидасын жүзеге асырып жатыр. Онсыз қоғамның жаңғыруы мен дамуы мүмкін емес, – дейді ол.
Үшінші – тиімділік.
Алтын Ордада мемлекеттік басқару мен логистиканың тиімді жүйесі құрылғаны тарихтан белгілі. Соның бірі – жәмшік қызметі. Ол кейіннен бірнеше ғасыр бойы Ресейде кеңінен қолданылды. Сондай-ақ «даруға» деп аталатын азаматтық әкімшіліктің жүйелі жұмысы да осыған мысал бола алады, – дейді Дәурен Абаев.
Төртінші – ғылым-білім ғұрпы.
Өзбек пен Жәнібек хандардың билік құрған уақытында Алтын Ордаға көптеген елден ғалымдар ағылып келіп жатқаны көпшілікке аян. Сонымен бірге қаншама медреселер салынып, ол жерде тек діни ілім емес, математика, медицина және басқа да ғылымдар үйретілген, – дейді ол.
Бесінші – диалог мәдениеті.
Еуразия кіндігінде орын тепкен алып империя – Алтын Орданың құрамында о бастан-ақ тілі, діни сенімі мен салт-дәстүрі әртүрлі халықтар өмір сүрді. Олардың екі ғасыр бойы бір мемлекетте бірге тіршілік етуі диалог мәдениетінің, рухани байлықтың және өзгеге деген құрметтің көркем үлгісіне ұласты. Этносаралық қатынастарды реттеу, біртұтас азаматтық ұлт құру ісінің қазақстандық моделінен Алтын Ордалық қағидатты көруге болады. Мұнда бірлік – біркелкілік дегенді білдірмейді, – деді Дәурен Әскербекұлы.
Алтыншы – халықаралық медиация мәдениеті.
Алтын Орда Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір іспетті болды. Ұлы Жібек жолының солтүстік бағытында орналасқан империя өркениеттер арасындағы жан-жақты диалогты – материалдық құндылықтармен қатар, идеялар мен инновациялардың алмасуын қамтамасыз етті. Тарихқа көз салсақ, Алтын Орданың саясатынан Елбасының БҰҰ ұйымы Бас ассамблеясының мінберінен таныстырған «Үлкен Еуразия» жобасының үлгісін көре аламыз, – деді ол.
Жетінші – адами құндылық.
Мемлекеттік басқарудың орталықтандырылғанына қарамастан, Алтын Орда ешқашан классикалық түрдегі «шығыс деспотиясы» болған емес. Қоғамның өзегін билікке деген қорқыныш емес, халқымыз имандылық деп айтатын рухани түпнегіз құрады. Қазір де қоғамымыздың табан тірер тұғыры, ынтымақтастықтың негізі – «әлеуметтік рейтинг» емес, имандылық пен мәңгілік рухани құндылықтар, – деп тұжырымдады ол өз сөзін.