АӘК әр балаға 35 мың теңге көлемінде берілуін сұраймыз – көпбалалы ана

3 Наурыз 2020, 16:36
1953
Бөлісу:
АӘК әр балаға 35 мың теңге көлемінде берілуін сұраймыз – көпбалалы ана

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. "Аналар қолөнер орталығының" директоры Гүлім Болатжан Алматыда өткен брифинг барысында осындай пікір білдірді. 

Оның айтуынша, Қазақстан мемлекеті қазба байлықтарға бай және АӘК-ті 35 мың теңге көлемінде беруге қауқарлы.

Қазір балаларға әлеуметтік пакет тағайындауда, яғни концтауар, мектеп формасын беріп жатыр. Дегенмен бұл қазіргі уақытта аздық етеді. Былтыр жағдайы жақсы, екі қабатты зәулім үйде тұратындар АӘК алды да, нағыз көмекке зәру, пәтер жалдап тұрып жатқан адамдар тыс қалды. Алдағы 17 наурыз күні Тоқаевқа кіргелі отырмын. Ол жерде де осы мәселені көтеремін. Балалар елдің болашағы, сондықтан әр балаға 35 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалу керек, - дейді көпбалалы ана. 

Жиын барысында кейбір аналар директордың пікірімен келіспейтіндіктерін білдірді. "Бақытты отбасы" әлеуметтік аналар орталығының HR-менеджері Марфуға Сайдалиева бірінші кезекте аналарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлу керек дегенді айтты. 

Былтыр барлығына жаппай 21 мың теңге көлемінде АӘК берілді. Алайда бұл балаларға жұмсалмады. Қазір АӘК сомасы қысқартылғанымен, мемлекет балалар үшін нақты әлеуметтік пакетті тағайындады, яғни онда нағыз балаға қажетті заттар қамтылған. Сондықтан әлеуметтік көмектің бұл түрі тиімді, - дейді ол.

Медеу ауданындағы "Бақыты отбасы" орталығында биыл 800-ге жуық адам АӘК бойынша консультация алған. Соның 422-сі атаулы әлеуметтік көмекке қолжеткізген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, "Rahym" әлеуметтік орталығының жетекшісі Бибінұр Шералиева Алматыда өткен брифинг барысында көпбалалы аналар қиын жағдайда қалып жатқанын, ондай аналардың көбі жұмыссыз, үйде отырғандар, оның үстіне банкте несиелері бар екенін айтып, банктердің несиесін төлей алмаған көпбалалы аналарға түсіністікпен қарауын сұрады.

Өзгелердің жаңалығы