АӘК алушыларға әлеуметтік көмек тағайындау автоматты түрде ұзартылды

11 Ақпан 2021, 09:53
2078
Бөлісу:
АӘК алушыларға әлеуметтік көмек тағайындау автоматты түрде ұзартылды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы I тоқсанда барлық атаулы әлеуметтік көмек алушыларға мемлекеттік инстанцияға жүгінбей, АӘК тағайындауға өтініш автоматты түрде ұзартылды. Бұл шара 106 мың отбасының 525 мыңға жуық адамына қатысты болды.

Автоматты түрде ұзарту қолданыстағы карантиндік шаралар кезінде халық арасында коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуға мүмкіндік берді. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, көмек көрсетуге алғаш рет өтініш білдірген азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады. 2021 жылдың басынан бастап алғаш рет АӘК-ке 54,4 мың отбасы немесе 297,9 мың адам жүгінді.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын АӘК алушыларға көмек тағайындау 2020 жылдың II, III және IV тоқсандарында ТЖ режимі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты ұзартылған болатын. Мәселен, 2020 жылдың IV тоқсанында 119,7 мың отбасынан 614,3 мыңнан астам қазақстандыққа АӘК тағайындау автоматты түрде ұзартылды.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен  қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

Болжам бойынша 2021 жылдың І тоқсанында 215 мыңға жуық балаға әлеуметтік топтама берілетін болады, - делінген хабарламада. 

2020 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар ішінен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 218,2 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия заттарының жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама алды.

Биыл кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталына толығымен ауыстыру жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы