Ақын сақшы

21 Маусым 2019, 09:58
2823
Бөлісу:
Ақын сақшы

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оның өлеңдерінің негізгі тақырыбы – елге, жерге деген махаббат. «Ашуланса айды да қақ бөлердей, алдаспаның болайын қолыңда мен» деп жырлайды ол. Біз Арқалық қалалық полиция басқармасының қызметкері, полиция капитаны Данияр Садуақасов туралы айтып отырмыз.

Данияр – Торғайдың тумасы, Ғафу Қайырбеков «Арқада жер еркесі» деп жырлаған Қызбел ауылынан. 1987 жылы дүниеге келген. 2009 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын аяқтап, төрт жыл қала мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Құқық қорғау органындағы еңбек жолы бұдан бес жыл бұрын басталған.

«Ұстаздық қызметті жек көрдім дей алмаймын, жақсы жұмыс істедім. Ал, осы арнаға мені өмір өзі бұрып әкелгендей. Өйткені, тәртіп сақшысы болуды бала күнімнен армандадым. Биыл ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын сырттай бітіріп шықтым. Қазіргі жұмысым да оқушылармен байланысты. Кәмелетке толғандармен, олардың ата-аналарымен жұмыс істеймін. Жасөспірімдерді жаман әдеттерден аулақ жүруге шақырып, қылмыстың алдын алып отырамыз», - деді Данияр жұмысы жөнінде сұрағанымызда.

Ол полиция қызметкері ғана емес, Арқалық жұртшылығына ақын ретінде де жақсы танымал.

«Қалса қалар белгi боп соңымда өлең.
Қалмаса да бәрiбiр, жолыңда өлем!
Ашуланса айды да қақ бөлердей,
Алдаспаның болайын қолыңда мен!», - деп жырлаған Данияр түрлі жарыстарда бақ сынап, шығармашылығы лайықты бағаланып та жүр. 

Қостанайда құқық қорғау қызметкерлері арасында өткен «Мұқағали оқулары» байқауында бас жүлде иемденді. Одан басқа да жетістіктері жетерлік.

«Парасатты полицей» республикалық байқауында жыл сайын облыс намысын қорғайды. Оның айтуынша, бұл сайыс әріптестерінің өнерге, мемлекеттік тілге құрметін арттырады.

«Біздің топ құрамында 5 жігіт бар: Таран ауданынан Ербол Бекмағамбетов, Рудный қаласынан Фархат Бірманов, Қостанайдан Ержан Әуезбек және Арқалықтан Бекнұр Ерғазин екеуіміз. Бірнеше рет жүлдегер атандық. 2014 жылы бас жүлде иелендік. Биылғы байқауға тағы да дайындалып жатырмыз. 2018 жылы Павлодар қаласында өткен патриоттық әндер конкурсында да бағымыз жанды. Ұлт-аспаптар ансамблін құрғанбыз, соның мүшесімін. Үлкен бір ерлік істеген жоқпын. Бірақ, шамам келгенше, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып тұрамын», - дейді ақын сақшы.

Данияр екі баланың әкесі. Нұрсұлу атты сүйікті жары бар.

«Құдай берген бір ұлым, бір қызым бар. Олар мен секілді тәртіп сақшысы не заң қызметкері болғанын жек көрмеймін. Бірақ, бастысы, өнер-білімге, әдебиетке жақын болып, елін сүйіп өскенін қалаймын», - дейді ол.


Өзгелердің жаңалығы