Ақтауда оқушылар кітап-торт пісіріп жарысты

26 Қаңтар 2019, 17:49
4997
Бөлісу:
Ақтауда оқушылар кітап-торт  пісіріп жарысты

Астана, BAQ.KZ. Қаңтардың 23-і күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Тәтті кітап» атты өте ерекше сайыс өтті. Білім ордасының 17 шаңырағының қатысуымен ұйымдастырылған шарада зияткерлер мен олардың ата-аналары оқыған кітаптарының желісінде торт жасаудан жарысып, ең үздік кітап-тортты анықтады.

Шараны ұйымдастырушы «Каспий» шаңырағының педагог-кураторы Ақгүл Сарманованың сөзінше, конкурсты өткізудегі басты мақсат – балаларды кітап оқуға ынталандыру, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «100 кітап» жобасының танымалдылығын арттыру.

«Мектебіміздегі кітап сүйер оқушылардың басын біріктіріп, «DARA» атты оқырмандар клубын құрдық. Аталған ұйым балалар мен ата-аналар арасында кітап оқудың танымалдылығын арттырып, шығармаларға жарнама жасауды, ата-ананы мектеп өміріне белсенді араластыруды көздейді. Нәтижесінде, клуб мүшелері осындай қызықты сайысты өткізуді ұсынды», - дейді Ақгүл Амандосқызы.

«Тәтті кітап» жобасын ұйымдастыру тыңғылықты, жүйелі жұмыстар арқасында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Әрбір шаңырақ екінші тоқсан соңында жеребе көмегімен оқитын үш кітаптарын анықтайды. Кейін ол кітаптарды оқып, сынып болып талқылау жүргізеді. Жарыс күні жарыс критерийлеріне сәйкес торт дайындап, оны көшілік алдында қорғап, өздері дайындаған торт- кітапқа жарнама жасады. Оқушылар қаламгер Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Александр Бектің «Волоколамское шоссе», Чарлс Диккенстің «Oliver Twist» және тағы да басқа танымал кітаптардың мұқабасына сәйкестендіріп безендірді. Жалпы көлемде оқушылар 50-ге жуық кітап оқыды.

«Торт пісіру – ұзақ уақытты алатындықтан біз қатысушыларға, қамырын алдын-ала дайындап келуге рұқсат бердік. Дайындалған торттардың кітап желісіне сай безендірілуін, оның таныстырылымын және топтық жұмысты бағалау критерийі қып қойдық. Мұндай сайыс қыз балаларға ерекше қызық болды деп ойлаймын», - дейді «DARA» оқырмандар клубының мүшесі, 11-сынып оқушысы Казине Махсудова жарыс туралы.

Қазылар алқасының шешімімен Э.Хэмингуейдің «Шал мен теңіз» повесі негізінде «Маңғыстау» шаңырағының қатысушылары дайындаған тәтті ең үздік торт деп танылды. Ал «Қарақия - 1» (С.Назарова «Мой зеленоглазый аруах») және «Ақорда-2» (А.Бек «Волоколамское шоссе») шаңырақтары ІІ орынды қанжығаларына байлады. Ал ІІІ орын «Қарақия - 2» (Б.Шоу «Пигмалион») және «Ақорда-1» (Шарлотта Бронте - «Джейн Эйр»), «Саура» (Антуан де-сент Экзюпери- «Маленкий принц») шаңырақтарына бұйырды.

«Мұндай қызықты жарысқа алғаш рет қатысып тұрмыз. Біз өзімізге ерекше әсер қалдырған Шерхан Мұртаза атамыздың «Ай мен Айша» шығармасының желісінде торт дайындадық. Бұл туындыда жазушының балалық шағында басынан кешкендері, отбасы туралы баяндалған. Ерекше әсер сыйлайтын кітапты оқуға кеңес береміз. Осындай керемет жобаға қолдау білдірген ата-аналарымызға алғысымыз шексіз», - дейді «Тамшалы» шаңырағынан қатысқан Назгүл Қуантқан мен Қуаныш Беатрисс.

Жарыс соңында жеңімпаздар арнай диплом, сертификаттармен марапатталды. Ал дайын тәттілерді шаңырақ оқушыларына таратылды.

Өзгелердің жаңалығы