Ақтауда екі «Адалдық дүкені» ашылды

11 Сәуір 2019, 10:55
3340
Бөлісу:
Ақтауда екі «Адалдық дүкені» ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Ақтау қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында және Ақтау қаласы Полиция басқармасында «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасының аясында «Адалдық дүкендері» ашылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ашылу салтанатында лента қиған қала тұрғыны қызығушылық танытып, аталған дүкеннен тауарын алып та үлгерді. Сонымен қатар, келген сатып алушылардың арасында дүкенге есептеуіш құралын (калькулятор) қоюға ұсыныс білдірген азамат та болды.

Енді сатушысыз дүкенде кез келген азамат арнайы төлем жәшігіне ақшасын қалдырып, қалаған нәрсесін ала алады. Яғни, сатып алушылар дүкенде сатушының жоқтығына қарамастан, адалдық қағидасына орай өздеріне өздері  қызмет етеді. Дүкеннің басты ерекшелігі де осында.

Агенттіктің аумақтық департамент басшысы Нұргүл Жанназарова мұндай дүкендердің ашылуы қоғам мен азаматтар арасындағы адамгершілік қасиеттерін дамытуға, мейірімді, адал болуға және өзін-өзі дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Айта кету қажет, Ақтау қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына күніне шамамен 1500 адам келіп, қызмет алады. Демек орталыққа келіп-кетушілер саны айына 30 мыңға жуық адамды қамтиды. Ал полиция басқармасында 600-ден астам қызметкер мен келушілер сатушысыз дүкеннен қалаған нәрсесін сатып ала алады.

Бұл дегеніміз – қызмет алушылар арасында және қоғамда сенім атмосферасын қалыптастырып, өздерін жақсы, адал тұлға ретінде тануға мүмкіндік беру. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жауапкершілігін шыңдап, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті» қалыптастыруға әсер ететін нысан болып табылады.

Жоба шеңберінде аталған дүкендердің саны қазіргі таңда жүзден асты. Алдағы уақытта да халық көп жиналатын орындарда «Адалдық дүкендерінің» ашылуы жалғасын табатын болады.

Өзгелердің жаңалығы