Ақтөбелік этнос өкілдері қазақ халқына алғыс айтты

1 Наурыз 2020, 10:02
2426
Бөлісу:
Ақтөбелік этнос өкілдері қазақ халқына алғыс айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбедегі Достық Үйінде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен 1 наурыз Алғыс айту күніне арналған "Мың алғыс саған, Қазақ Елі!" мәдени-көпшілік іс-шарасы өтті.

Аталмыш шара тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің атамекеніне айналған қасиетті қазақ жері мен бауырмал қазақ халқына деген құрметі, ризашылықтарын жеткізу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Құтты мекенге айналған Ақтөбе қаласында тұрып жатқан этнос өкілдерінің бастамасымен өткен мерекелік шараға облыстық басқарма басшылары, Ақтөбе облысы ҚХА хатшылығы мен ЭМБ төрағалары, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ, зиялы қауым өкілдері, өзге ұлт өкілдерінің жастары, мәдениет қайраткерлері, ҚХА жанындағы Кеңес мүшелері, БАҚ қатысты.

Аймақ басшысы Оңдасын Оразалин жыл сайын көктемнің алғашқы күнінде аталып өтілетін мерекемен барша ақтөбеліктерді құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Іс-шара барысында ақтөбелік этностар қазақ халқына алғыс айтып қана қоймай, биыл елімізде ерекше аталып өтілетін айтулы күндерге тоқталып, Ұлы ақын Абайдың 175, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, қазақ вальсінің королі атанған Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арнап сыған диаспорасының өкілдері Беджа Калмыков "Айттым сәлем, Қаламқас",   Алексей Дадусенко "Сыған серенадасы" әндерін қазақ тілінде шырқап, халықтың қошеметіне бөленді.

Бүгінде барша ұлтты бір шаңырақтың астына жинап, татулық пен тыныштықтың символы болған тәуелсіз Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері бірлік пен ынтымақта күн кешіп келеді. Жыл сайын олар 1 наурыз Алғыс айту күнінде достыққа адал, құшағы кең, көңілі дархан қазақ халқына деген құрметі мен шынайы ризашылықтарын ерекше қуанышпен жеткізіп келеді. Бұл олардың ұлы дала еліне деген мәңгілік махаббатарының белгісі болып қала бермек.

Өзгелердің жаңалығы