Ақтөбеде коммуналдық қызметтер тарифі төмендеді

3 Қаңтар 2019, 19:36
1680
Бөлісу:
Ақтөбеде коммуналдық қызметтер тарифі төмендеді

Астана, baq.kz. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов мәлімдеді, деп хабарлайды Ақтөбе облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оның айтуынша, Елбасы тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Ақтөбе облысының тұрғындары үшін коммуналдық қызметтер тарифі төмендейді. Табиғи монополия субъектілерімен тиісті бұйрықтар бекітіліп, ПИК басшыларымен, көмір жеткізуші компаниялармен және басқа коммуналдық қызметтер көрсетушілермен меморандумдар жасалды.

«Халықты газбен жабдықтау 10,2-ге % арзандайды (9 785,14 тг/1000 м3-ден 8 785,76 тг/1000 м3-ге), заңды тұлғалар үшін 7,0%-ға (14 109,72 тг/1000 м3-ден 13 122,04 тг/1000 м3-ге) төмендейді. Облыс тұрғындары үшін жылумен жабдықтау 10,2% - ға, басқа тұтынушылар үшін 4,3%-ға арзандайды. Сумен жабдықтау қызметтерінің тарифі 6% - ға, су бұру қызметтерінің тарифі 6%-ға төмендетіледі. Электр энергиясы халық үшін 01.11.2018 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 10% - ға (9,24-тен 8,33 теңге/кВтсағ-қа дейін), басқа тұтынушылар үшін 5,1% төмендейтін болады» - деді, облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінгі күні көмір сатушылармен көмір бағасын төмендету бойынша меморандумдар жасалды.  1 желтоқсаннан бастап Шұбаркөл разрезіндегі көмір бағасы 2 500 теңгеге, Қаражыра разрезінікі – 1 000 теңгеге төмендеді.  Меморандумды орындау нәтижесінде көмірдің қорытынды бағасы: Шұбаркөл разрезінен - 13 500 теңге, Қаражыра разрезінен - 14 500 теңгені құрайды.

ПИК қызметтерінің тарифтері. Жалпы мүлікті ұстауға арналған ай сайынғы жарнаның орташа мөлшері  20,5 тг/м2 құрады. ПИК қызметтерінің орташа тарифі 19,0 тг/м2 дейін немесе 7,3% - ға төмендеді. Ең төменгі тариф 12 - ден 11 тг/м2-ге дейін (8,3% - ға), ең жоғарғы тариф 65-тен 55 тг/м2-ге дейін (15,4% - ға) төмендеді.

Жеделсатыларға техникалық қызмет көрсету тарифтері айына 500-700 теңгені құрайды. Жеделсатыларға қызмет көрсететін ұйымдармен жасалған меморандумдар негізінде тарифтер 450-650 теңгеге дейін немесе 10% төмендеді.

Домофондарға қызмет көрсету жөніндегі қызметтердің қолданыстағы тарифі 300 теңгені құрайды, бұл республика бойынша көптеген қалалардың көрсеткіштерінен төмен (480 теңгеден 800 теңгеге дейін өзгереді).  Бүгінгі күні домофондарға қызмет көрсету тарифі 285 теңгеге дейін немесе 5% - ға төмендетілді.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды  шығаруға бекітілген тариф құны заңды тұлғалар үшін 1 м3 үшін 1446 теңгені, жеке тұлғалар үшін бір адамға шаққанда 105 теңгені құрайды. Ақтөбе қаласы бойынша жеке тұлғалар үшін төленетін қолданыстағы 105 теңге тарифі Қазақстан бойынша ең төменгі тариф  болып табылады. 2019 жылдан бастап ҚТҚ - ды шығару тарифтерін 104 теңгеге дейін немесе 1%-ға төмендету жоспарлануда.

Осылайша, егер 2018 жылы ауданы 60 шаршы метрлі пәтердің коммуналдық қызметтері үшін төленетін ай сайынғы төлем орташа есеппен 13325 теңгені құраса, жаңа жылдан бастап 12 046 құрайды немесе 9,6% - ға азаяды.

Өзгелердің жаңалығы