Ақтөбенің 7 елді мекенінде су басу қаупі сейілді

22 Ақпан 2019, 16:26
2333
Бөлісу:
Ақтөбенің 7 елді мекенінде су басу қаупі сейілді

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында су басу ықтималдығы бар 35 елді мекен бар. Былтыр анықталған 42 елді мекеннің жетеуінде қауіп жойылған. Арықтар мен бөгеттер салынған. Бұл туралы бүгін Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақ пен қаладағы төтенше жағдайларға жауапты мамандар мәлімдеді.

Аймақта былтыр 42 елді мекен су басуы мүмкін аумақтар қатарында болды. Биыл олардың саны 35-ке азайды. Ырғыз, Қарғалы аудандарындағы 7 елді мекенде су тасқыны құбылыстарының туындау қатері жойылған. Қауіп сейілгендер қатарында Аманкөл, Шеңбертал, Жаныс би, Нұра, Құтыкөл, Ырғыз, Қарғалы және Қосестек кенттері бар.

«Өзен деңгейлерінде орналасқан елді мекендердің жетеуін қорғап қалдық. Дегенмен, олар әлі де біздің назарымызда. Биыл көктемдегі жағдайды ескеріп, зерттейміз. Әлі де жұмыстар жүргізіледі. Қазір 35 елді мекеннің қауіпті аймақта орналасқанын анықтап отырмыз. Жергілікті атқарушы органдар осы жерлерге қажетті құралдар мен күштерді дайындап отыр. Бұл елді мекендер өзендердің деңгейінде орналасқан. Көктемде мұз кептелуі мүмкін, тез еріп кетуі мүмкін жағдайлар болады», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Құмар Тұрмағамбетов.

Ал облыс орталығында арықтар мен бөгеттер салынып, суға кетуі мүмкін 9 аумақтан қауіп жойылған. Қала бойынша көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізуге биыл 200 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Мердігер мекемелер анықталып жатыр.

«Қазір Сәңкібай батыр, Әбілқайыр хан даңғылдарында, Марьесев, Сәтпаев көшелеріндегі қауіпті аймақтар жойылды. Ол жерлерде су жайылып кеткен еді. Үлкен арықтар салдық. Ақжар-1 ауылында жоғарыдан келетін дала суы ауылдың ішінен өтеді. Былтыр ауыл сыртына үлкен арық қазып, бөгет жасап, су бағытын Тамды өзеніне ауыстырдық. Ақшат ауылындағы мектеп аумағы суға кеткен еді. Былтыр арық қазылып, су бағыты Бұтақ өзеніне бұрылды. Суды ауылға келмейтіндей қылып, екі бөгет тұрғыздық», - деді Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының Әскери жұмылдыру жұмыстары, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев.

Аймақта қазір су тасу қаупі бар 8 өзеннің табаны тазартылып, кеңейтіліп жатыр. Ол үшін бюджеттен 6 млрд теңге бөлінген.

«Жол картасына сәйкес биыл республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 8 өзеннің бойын тереңдету, кеңейту және бекіту жұмыстары қарастырылды. Биыл 4 мердігер мекеме жұмысқа кірісті. Қазір Елек, Қарғалы, Бұтақ, Сазды, Тамды өзендерінде қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бүгіннен бастап Песчанка өзеніне түсті, келесі аптада Қарғалы, Жіңізке өзендерінде жұмыс басталады. Жыл соңына дейін жұмысты аяқтауымыз қажет. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігі. Себебі, бірнеше жылдан бері өзендерді тазарту жұмыстары жүргізілмеген. Жабайы талдардың өзен ішіне өсіп кетуі, топырақтардың толып кетуі су тасқынының басты себебі», - деді Бекболат Нұрашев.

Қыс басталғалы қала аумағынан 165 мың текше метр қар шығарылды. Жұмыс наурыз айының ортасына дейін жалғасады.

Әсел АБАТ, фото-автордыкі

 

Өзгелердің жаңалығы