Ақмола. BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде кәсіп ашуға ниет білдірген жастардың 1 миллион теңге грант алуларына мүмкіндігі бар. Ол үшін арнайы конкурстық іріктеуден өтуі тиіс.
Облыста жас азаматтарға қолдау көрсететін «Zhas Project» жобасы арқылы кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан жастарға көмек беріледі. Конкурсқа 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады.
«Жобаның мақсаты – жастарға қолдау көрсетіп, оларды қоғамдық пайдалы қызметке тарту. Екі жыл ішінде жобаға 5508 жас тартылып, 1616 жоба ұсынды. Оның 1493-і табысты іске асырылды. Осы аралықта 1,5 млрд теңгенің гранты мен 1 млрд теңгенің стипендиясы берілді. Жоба аясында қатысушыларға бизнестің қыр-сыры үйретілетін болады», - дейді үйлестіру агенттігі жетекшісінің орынбасары Алена Баянбекова.
Дүниежүзілік даму банкі мен Білім министрлігінің бірлескен жобасы 2017 жылы басталып, 2020 жылға дейін жалғасады. Осы аралықта еліміздің түкпір-түкпірінен 8500 жас азаматтарды қамтитын болады.
Ұсынылған идеялар жан-жақты іріктеледі. 1 млн теңгенің грантын ұтқандар алты ай бойы арнайы оқыту курстан өтеді. Осы уақыт ішінде ЖОО студенттеріне 60 мың теңге, өзге қатасушыларға 40 мың теңге стипендия беріледі. Алайда жобаға мектеп оқушыларын қатыстыру көзделмеген.
«Облыста 149 мың жастар тіркелген. Олардың 5,9 пайызын жұмыссыз жастар құрап отыр. Аталған жоба Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында табысты жүзеге асырылуда. Жуырда өткен «Zhas Project» форумында көрме ұйымдастырылып, әр өңірден келген жастар өз жобаларын табысты іске асырып жатқанына куә болдық. Жоба алдымен шалғайдағы ауыл жастарына жетуі тиіс», - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева.
Соңғы екі жыл ішінде сүт және ет өнімдері өндірісі бойынша 186 жоба, компьютерлік және тілдік курстарды ұйымдастыру бойынша 128 жоба жүзеге асырылды. 80 спорттық секциялар мен фитнес-клубтар, 120 демалыс орны мен 56 балалар орталығы, 86 тігін шеберханасы, 67 наубайхана және басқа да қызықты жобалар іске қосылды.
«Идеяға шектеу қойылмайды. Ең бастысы ол туған қаласына, ауылына пайда әкелетіндей іс болуы тиіс. Жобаның ерекшелігі, жұмыссыз жастардың қамтылуында. Екі жыл ішіндегі 64 жоба осы санаттағы жастарға тиесілі. Жобаға қатысқан 5 мың адамның 2600-ы грант иегері атанды. Айталық, Алматыда мүмкіндігі шектеулі азамат электромобиль сатып алды. Кейін тағы екі грант ұтып алды. Алыс ауылдарда наубайхана ашқан жастар да бар», - дейді Алена Баянбекова.
Биылғы жылы жобаға қатысушылар саны 3500 адамды құрайтын болады деп күтілуде. Өтінімдер 15 наурыздан 15 сәуірге дейін қабылданатын болады. Еліміздің 6 өңірінен 1200 жоба іріктеліп алынатын болады.