Ақмолалық волонтерлар әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалыспақ

29 Қаңтар 2020, 21:55
2444
Бөлісу:
Ақмолалық волонтерлар әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалыспақ

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанынан ашылған волонтерлік қозғалыс орталығы өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуды көздеп отыр.

Еріктілер қозғалысының жауапты мамандардың айтуынша, кез келген жас волонтер атана алады. Қолайлы болу үшін онлайн өтініш арқылы тіркелуге болады.

Оның мерзімі шектеусіз. Кез келген уақытта волонтер атана аласыз. Біз орталық ретінде жұмысымызға кіріскелі отырмыз. Уақыт өте келе қатарымыздың артарына сенімдіміз. Жалпы, Қоғамдық келісім үйі қаладағы волонтерлік ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді, - дейді Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының маманы Динара Кәкпенова.

Жауапты мамандар волонтерлік жобалар өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін айтады.

Бүгінгі қоғамда әлеуметтік және этноволонтерлік сұранысқа ие бағыт болып саналады. Облыста басты жобалар әлеуметтік, спорттық, мәдени мәселелерге бағытталған. Ақмолалық волонтерлар халықаралық "ЭКСПО-2017" көрмесінде, Универсиада, ЕҚЫҰ Саммиті мен басқа да маңызды шараларда белсенділік танытты. Бүгінгі күні облыста "Ақмола Жаңа толқын" қоғамдық қоры, "Жас Ұлан" ұйымы, "Жас Отан" жастар қанаты, "Феникс" волонтерлік орталығы волотерлікпен айналысады. Аталған ұйымдар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қолдау танытады. Рак ауруына шалдыққан балаларға да қайырымдылық көмек көрсетіледі, - дейді Ақмола "Жаңа толқын" қоғамдық қорының төрайымы Жайнагүл Қаппасова.

Орталықтың ашылуына орай өткізілген ашық есік күніне қатысқан жасотандықтар Волонтерлар жылына орай үш айлық еріктілер мектебін ашуды жоспарлап отырғандарын айтады.

Біз еріктілерді оқыту жұмысын әрі қарай да жалғастыруды көздеп отырмыз. Осы жоба аясында өңірдің үздік спикерлері шеберлік-сағаттарын өткізетін болады. Бұған 60-қа жуық жас қамтылады деп күтілуде, - дейді "Жас Отан" жастар қанатының кеңесшісі Гүлназ Бөкеш.

Өңірдегі этно-мәдени бірлестіктер, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының басын біріктіретін волонтерлік қозғалыстың белсенді әрекеті еріктілер қатарының артуына, сондай-ақ жастарды әлеуметтік жауапкершілікке, патриот болуға үндейді.

Өзгенің өмірі, проблемасына бей-жай қарамайтын кез келген азамат қоғамға пайдалы іспен айналыса алады. Адами қасиеттерді дамытып, өзіңді жетілдіру – еріктілердің басты мақсаты, - дейді волонтерлік корпустың үйлестірушісі Татьяна Кретова.

Еліміздің барлық Достық үйлерінде ашылып жатқан волонтерлік орталықтар бірыңғай жалпыреспубликалық Ассамблея жүйесіне қосылатын болады.

Волонтерлар жылы аясында өткізілетін шаралар идеялық жағынан Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен тығыз байланыста. Биыл Ақмола облысы жеке идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға 1 млн теңгенің грантын ұтып алды. Студенттердің де әлеуметтік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік туып отыр. Биыл волонтерлер қоғамдық шаралар, тілдік курстар, спорттық акциялар ұйымдастырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысатын болады, - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының жастар ісі бойынша бөлімінің жетекшісі Алмат Нүкенов.


Өзгелердің жаңалығы