Ақмолада су тасқынына дайын емес аудандар бар

5 Ақпан 2020, 16:50
1576
Бөлісу:
Ақмолада су тасқынына дайын емес аудандар бар

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында су тасқынына дайын емес аудандар бар. Бұл туралы көктемгі су тасқынына өңірдегі жауапты мекемелердің дайындық шараларын пысықтау мақсатында өткізілген жиында айтылды.

Қазгидромет мәліметтеріне қарағанда, өткен жылмен салыстырғанда өңірде қар көлемі көп, әрі көктемде жауын-шашынның мол түсу қаупі бар.

Отырыс барысында кейбір аудандар мен қала әкімдіктерінің алдағы төтенше жағдайға толық дайын еместігі анықталды. Сондай-ақ, қажетті техникалардың жетіспеушілігі тағы орын алуы мүмкін. Төтенше жағдайдың алдын-алуға арналған қор үшін бюджеттен 1 млрд 59 млн теңге алынған, ал аудан әкімдіктері аталмыш қорға 187 млн 800 мың теңге қарастырған.
Жақсы, Қорғалжын, Егіндікөл бұдан тысқары қалып отыр. Аршалы, Астрахан, Бурабай, Егіндікөл, Ерейментау, Зеренді, Целиноград және Көкшетау қаласында төтенше жағдайға байланысты қосалқы қорға қаражат салынбаған. Аймақ басшысы аудан әкімдерінің жуық арада қаржы бойынша мәселені шешуді міндеттеді.

Көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарына байланысты 54 елді мекенде сақтық шаралары жүргізілді. 26,8 шақырым ұзындықтағы су ағызатын жыралар кеңейтілді. 17 шақырым қашықтықта уақытша су бөгеттері салынды, 5 шақырым өзен арнасы тазартылды, 41 су өтпелі жөндеу көрді. Су тасқынының қаупі жоғары аудандардағы су деңгейі бақылауда. Төтенше жағдай орын алған жағдайда күштік құрылымдар жіберілетін болады, – дейді Ақмола облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Алексей Советов.
Өңір бойынша су тасқыны орын алған жағдайда жолдар мен көпірлердің шайып кетуіне жол бермеу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Республикалық "Көктем" акциясы аясында әскери бөлім қызметкерлерін жолдарды қардан тазарту шараларына қатыстыру да жоспарланып отыр. Өңір басшысы су тасқынының алдын-алуға бағытталған жұмыстардың әлі де
 жеткіліксіз екенін айтты және алдағы бір ай ішінде дайындықты пысықтауды қата тапсырды.

Уақыт енжарлық, сылбырлықты көтермейді. Алда бір ай уақыт қана бар. Дайындық жұмыстары тиянақты жүргізіліп, көктемгі қар суы қадағалауда болуы тиіс, - деді өңір басшысы.
Аймақ бойынша 10 гидротехникалық нысан апатты жағдайда деп танылса, 17-сіне жөндеу жұмыстарын жасау қажет. Елді мекендерден жалпы көлемі 170 мыңнан астам текше метр қар шығарылған. Алайда, ауа райын болжау

мекемесінің мамандары тағы да қалың қар жаууы мүмкін екендігін ескертуде.

Өзгелердің жаңалығы