Ақмолада 8 мың оқушы компьютермен қамтылады

2 Сәуір 2020, 12:46
2409
Бөлісу:
Ақмолада 8 мың оқушы компьютермен қамтылады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында байланыс құралдары жоқ 8 мың оқушы компьютермен қамтылады. Бұл туралы Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова қашықтықтан оқу жүйесін ұйымдастыру жұмыстарына қатысты өткізілген онлайн-брифинг барысында мәлімдеді.

Оның хабарлауынша, бүгінгі таңда облыс мектептерінде 127 мың оқушы білім алуда.

6 сәуірден бастап мектептер қашықтықтан оқу жүйесіне көшеді. Өңірдегі 556 мектептің 187-і дәстүрлі түрде оқытылатын болады. Бұл - білім алушылар 80 оқушыға жетпейтін шағын жинақты мектептер, яғни, бастауыш мектепте 3-4, негізгі мектептерде 20-30, орта мектептерде 50-60 оқушылары бар білім ордалары. Шалғай елді мекендердегі мектептерде 10265 оқушы бұрынғы қалыппен оқиды. Аудан орталықтары, қалалардағы 117 мың оқушы қашықтықтан оқытылады. Барлық аудандарда қашықтықтан оқуға дайындық жұмыстары жүргізілді. Мұғалімдер, ата-аналармен сынып сағаттары өткізілуде, - деді спикер.

Оның айтуынша, 6 сәуірде басталатын олайн сабақтар әр түрлі платформада –BilimLand.kz, youtobe, whatsapp, telegram арқылы жүргізіледі.

Осы уақытқа дейін орта білім саласына мұндай практика жүргізілген жоқ. Сондықтан да ата-аналар бұған аса түсіністікпен қарап, балаларға көмек көрсетіп, шыдамдылық танытса екен дейміз. Облыста 8 мың оқушының компьютермен қамтылмағаны анықталды. Осыған орай Ақмола облысының білім ұйымдарымен мектептердегі компьютерлер оқушыларға уақытша берілетін болады. Бұған дейін оқушыларды каникулға жіберу туралы ұсыныстар түсті. Бірақ жазғы уақытта балалар демалып, денсаулықтарын нығайтуы тиіс. Сол себепті барлық мектептер қашықтықтан оқыту формасына көшеді. Қосымша өзгерістер енгізілмесе, оқу жылы 25 мамырда аяқталады, - деді Ботагөз Дүйсенова.


Өзгелердің жаңалығы