Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, облыстың 554 мектебінен 18 мыңға жуық оқушы контингенті бар және шалғайда орналасқан ауылдық шағын жинақты 311 мектеп қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып жаңа оқу жылын штаттық режимде бастайды.
Ал 243 мектеп 115 мыңға жуық оқушымен, оқу жылын қашықтықтан бастайды деп жоспарлануда.
3 мыңнан астам бастауыш сыныпта ата-аналардың өтініші бойынша 15 оқушыдан аспайтын кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады, оларда 48 мыңнан астам оқушы оқи алады.
Облыстың барлық жалпы білім беретін мектептері жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Облыста 16 мыңнан астам компьютерлік техника бар, бүгінгі күні 1,6 мың компьютер сатып алынды, ал 1 қыркүйекке дейін жергілікті бюджет есебінен 235 техника сатып алынады.
Сондай-ақ, Үкімет резервінің қаражатынан 23 мыңнан астам компьютерлік техника сатып алынатын болады. Бірінші кезекте осал санаттағы балаларды компьютермен қамтамасыз етеді, олар: 5,6 мың аз қамтылған отбасы, 1,2 мың жетім бала, 6,3 мың ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала, оның ішінде 384-і үйде оқиды.
Балабақшалардың жұмысы кезең-кезеңмен қайта жанданып келеді, 159 мектепке дейінгі ұйымда 411 кезекші топ ашылды. Біздің облыстың 32 колледжінде "Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасы шеңберінде жаңа оқу жылында бюджет қаражаты есебінен шамамен 6 мың студент қабылданатын болады, ал саны жағынан шағын, шалғайларда орналасқан 8 колледжде шамамен 1 мың студент штаттық режимде оқитын болады, - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Б.Жүсіпов.