Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. «Харекет» қайырымдылық қоры көпбалалы отбасына пәтер кілтін табыс етті. Қайырымдылық қорының осымен 83-ші баспанасы жесір ана Ардақ Жұмабековаға бұйырды.
Қарағандыда баспанаға мұқтаж тағы бір отбасы қоныс тойын тойлауда. Алты баланың анасы Ардақ Жұмабекова Майқұдық ықшам ауданында орналасқан екі бөлмелі пәтерге ие болды.
«Харекет» қорына өте ризамын. Алла разы болсын сіздерге, көп рақмет», - деді қуаныштан көз жасына ие бола алмаған көпбалалы ана.
Жесір ана алты баланы жалғыз өзі асырып отыр. Отбасы осыдан бес жыл бұрын Қарағандыға көшіп келген. Осы уақытқа дейін пәтерден пәтерге көшіп, бірнеше баспана ауыстырып, жалдамалы үйлердің табалдырығын тоздырған отбасының енді өз шаңырақтары бар.
«Наурыз мейрамында қайырымдылық қоры біздің отбасымызға тосынсый жасады. Пәтер кілтін табыс етеді деп ойламаған едім. Өте қуаныштымын. Осы жерде Тұңғыш Президентімізге алғысымды айтқым келеді. Елбасының тапсырмасы бойынша мен сияқты көпбалалы аналарға барлық қажетті көмек көрсетіле бастады. Елбасына, жергілікті билікке және «Харекет» қайырымдылық қорына алғысымды білдіремін», - деді көпбалалы ана.
Ардақ Жұмабекова қайырымдылық қорына бір апта бұрын ғана құжаттарын тапсырған. Енді міне олардың өз баспанасы бар.
«Біздің «Харекет» республикалық қайырымдылық қорының жұмыс істегеніне небәрі бір жылдың жүзі болды. Осы аз ғана уақыт аралығында 82 отбасын баспанамен қамтамасыз еттік. Бүгін де, мереке күні Қарағандылық көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстадық. Сондай-ақ, осы шараға қолдау көрсеткен облыс және қала әкімдігіне рақмет айтамыз. Қорымызға демеушілік танытушы жандардың барлығына Алла разылығы болсын дейміз. Мұқтаж жандарға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» көмек қолын созуды тоқтатпайық», - дейді Қайырымдылық қорының Қарағанды облысы бойынша өкілі Ақтоты Жүнісова.