Қарағандыда көше атауларын өзгертуге қатысты талқылауда шу шықты

14 Қаңтар 2020, 07:13
4636
Бөлісу:
Қарағандыда көше атауларын өзгертуге қатысты талқылауда шу шықты
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының облыс орталығындағы он көшенің атауы жаңарып, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар өзгеретін болады. Қоғамдық тыңдалымға қатысқан қала тұрғындарының арасында көше атауларының қазақшалануына, тіпті "күн көсемнің" атын алып тастауға мүлдем қарсылық білдіргендер болды.

Көше атауларының қазақшалануына қарсылық

Қарағандының жаңа орталығында орналасқан "Достық үйінде" өткен қоғамдық тыңдалымға қаланың тынысына бей-жай қарамайтын мыңнан аса халық жиналды. Көпшілік талқылау өткізуге арнайы дайындалған залға халық сыймай, ғимараттың тағы екі залында арнайы экрандар орнатылып, тұрғындар тыңдалымды тікелей эфирден бақылауға мүмкіндік алды. Көше аттарын өзгертуге байланысты қоғамдық шарада алғашқы болып сөз алған Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды заман талабына сай өзгерту уақыт талабы екендігін айтты.

Қарағандыда көпшілік талқылауға осыншама көп адамның жиналуы алғаш рет болып отыр. Бұл қарағандылықтардың біздің бүгінгі талқылайтын мәселеге қатты алаңдайтындықтарын көрсетеді. Тіптің біздің жүрегіміздегі от осы ғимаратқа жылу беріп тұрғандай, - деді ол.

Сонымен, Қарағандының Волочаевская көшесіне Кеңес Одағының ардагері Камали Дүйсенбековтың, Кувская көшесіне Кеңес Одағының батыры Қазыбек Нұржановтың, Кривогуза көшесіне қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Қасым Аманжоловтың, Защитная көшесіне этнограф, фольклоршы Григорий Потаниннің, Зональная көшесіне қазақтың ұлттық музакасын зерттеуші Александр Затаевичтің, Олимпийская көшесіне еңбек ардагері Нарманбет Төлеповтың, Ленин көшесіне қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының, Аманжолова көшесіне Балқантау, Нұржанов көшесіне Мерей және Приканальная көшесіне Сарыарқа атауын беру ұсынылды.

Қоғамдық тыңдалымға келгендердің көпшілігі атауларды қолдайтындығын білдіргенімен, қарсы пікір айтқан тұрғындар да болды.

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде көше атауларының өзгеруіне қатысты сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесі көпшіліктің қарсы екендігін көрсетті. Бұл көрсеткіш есепке алынбай ма?, - деді блогер Иван Инжаков.

Мәслихат хатшысы ғаламтордағы сауалнаманың есепке алынбайтындығын, себебі ғаламторда әлемнің түкпір-түкпірінен дауыс беруге болатындығын айтты.

Осы жерде бір айта кететін мәселе, қоғамдық тыңдалым өтерден бұрын бірнеше күн қатарынан әлеуметтік желілердегі парақшаларда көше атауларының өзгеруіне қарсылық білдіріп, халықты кері дауыс беруге үндеген материалдар жарияланып, ашық түрде қарсылық акциялары ұйымдастырылды. "Караганда-мать зовет!", "Мы нуждаемся в тебе!", "Наша сила в единстве!" деп ұрандатқан shock_krg, skandal_krg пабликтарында ғаламтор қолданушылары екіге бөлініп, қырық пышақ болып, қырылысып жатты.

"Күн көсемнен" арылатын күн жақын!

"Ленин - біздің бабамыз, Ленин – біздің данамыз" деп жырлаған қызыл империяның заманы келмеске кеткеніне отыз жылға жуықтаса да пролетариат көсемінің аты қарағандылықтардың өмірімен біте қайнасып кеткендей. "Күн көсемнің" атындағы көше де, "бабамыздың" қызыл гранит ескерткіші де қаламыздың орталық көшесін иемденіп алған. Дегенменде, сүйіншілетер күн алыс емес. Жақын арада Ленин көшесіне қазақтың біртуар ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі берілмек. Қоғамдық тыңдалымға бір үйдің баласындай бірлесе келген қарағандылықтар осы тарихи шешімнің орындалуын қолдап, дауыс берді. Осы уақытқа дейін облыс орталығында Абай атындағы бірде-бір көше болмағандығын ескерсек, бұл шешім ақынның 175 жылдығы қарсаңындағы тарихи оқиға екендігі сөзсіз.

Дегенменде, сананы улаған социалистік қоғамды әлі де көксейтін өзге ұлт өкілдері Ленин "бабамызбен" қоштасуға үзілді-кесілді қарсы.

Қарағандының жоғарыда аталған көше атауларының өзгеруін қолдаймын. Тек Ленин көшесінің атауының өзгеруіне қарсымын. Бұл тарих, - деді қала тұрғыны Лилия Карташова.
Көшелердің атын өзгерту бұл тарихты қайта жазғанмен бірдей, сондықтан да тарихты қайыра жазу жақсы іс емес деп ойлаймын. Жаңа көшелер, жаңа шағын аудандар бар, осы атаулар сол жерлерге берілсін, ескі атауларға, Ленинге тиіспеңіздер, - деді атын айтудан бас тартқан тағы бір қала тұрғыны.

Қазақты қан қақсатқан қызыл империяны құрушы В. Ленин атындағы көше атауының өзгеруіне қарсылық білдіргендер арасында тарихты білмейтіндер де табылды

Менің аталарым қазақтың жеріне атақты Абылайхан мен Бұқар Жыраудың өтінішімен келіп, осында қала тұрғызды, қазақтың елін сақтап қалды. Менің бабаларым Киевтан, Харковьтан Қазақстанды салу үшін келді. Қарағанды менің ата-бабаларымның арқасында салынды. Бұл қаланың тарихы. Мен Лениннің арқасында өмірге келдім деп ойламын. Және де Ленин көшесінің атын өзгеріссіз қалдыру керек деп санаймын, - деп айқалады Нина Серова.

Ленин көшесінің ақын Абайдың атымен аталуына қарсылық білдірген жерлестеріне қарағандылық ақын Серік Ақсұңқарұлы былай деп жауап берді:

Экономикалық формация кетті, империя құлады, ол құлаған империяның орнына тәуелсіз Қазақстан деген мемлекет келді. Совет үкіметін құлатқан біз емес, коммунистердің өздері. Менің бір таңқалатыным, сол кездері көшеге шығып, "совет үкіметі қайда" деген бірде-бір коммунист болмады. Ленин жайлы айтатын болсақ, баяғыда бізде Ленинді пір тұтқанбыз, коммунист болғанбыз, Лениннің жолы дұрыс екен деп ойлағанбыз. Бірақ бізден бұрын Ленинградты Санкт-Петербург деп неге өзгертіп жібергенін Ресейден сұраңыздар. Қазіргі күні орыстар Лениннің орыс халқын "иттің етінен жек көргендігі" жайлы құжаттарды жарыққа шығарып жатыр. Ендеше, өзге ел түгілі, өз елін жек көрген Лениннің орнында бүкіл адамзатты сүйген Абай тұру керек деп ойлаймын, - деді ақын Серік Ақсұңқарұлы.

Осы жерде Қ. Бексұлтанов Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Томск сияқты бірнеше қаласындағы Ленин атындағы көшелер мен даңғылдардың атауы өзгергендігін айтып өтті.

Лениннің көшесінің атын өзгертуге қатысты тарихшылар, қоғам белсенділері де өз пікірлерін білдіріп, халықты бірлікке шақырды.

Көше атауларын өзгертуге жұмсалатын қаржы қайдан алынады?

Көпшілік талқылауға келген қала тұрғындары көше атауларын өзгертуге жұмсалатын қаржының қайдан алынатындығын, бұл мәселенің қалай шешілетіндігін сұрады.

Мен Қарағандының қарапайым тұрғынымын. Осында тудым, өстім. Көше атауларының өзгеруі дұрыс делік, иә тарихты білуіміз қажет. Бірақ, мені толғандыратын басқа мәселе, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде салық төлеймін, ендеше менің ақшамды неге көше атауларын өзгертуге қолданады. Оның орнына 45 орамда жылы аялдама орнатуға болады ғой. Оның орнынан жағдайы төмен отбасыларға, мүгедектерге, жетім балаларға көмектесейік, көше атауларын өзгертуге әр кезде үлгереміз, - деді қала тұрғыны Ержан Рысбаев.
Көше атауларының ауысуына қарсылығым жоқ, тек сұрағым бар. Ономастикалық комитет көше атауларын өзгеруіне жұмсалатын қаржыны өз мойнына ала ма? Бұл көшелерде тұратын тұрғындардың көпшілігі егде жастағы адамдар, бұл олар үшін тарих. Және де көше атауының өзгеруі олардың қалтасына күш түсірмей ме?, - дейді Иван Инжаков.

Тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берген мәслихат хатшысы Қ.Бексұлтанов көше атауларын өзгертуге байланысты шығынды толығымен мемлекет өтейтіндігін және он көшедегі мекен-жай тақтайшаларын өзгертуге шамамен 3,5 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалатындығын айтты.

Дегенменде бұл мәселе де оң шешемін таппақ. Тыңдалымда сөз алған "Нәтиже" компаниясының директоры Ерлан Әшім көше атауларын жаңартуды қолдайтындығын айта келіп, кететін шығынды компания толығымен өтеуге әзір екендігін жеткізді.

Біздің компания жылына республикалық бюджетке 250-300 млн, ал облыстық және қалалық бюджетке 500 млн теңге салық төлейді. Біз бұдан да көп төлеуге, яғни көше атауларын өзгертуге кететін шығынды толығымен өз мойнымызға алуға әзірміз, - деді кәсіпкер.

Бір жарым сағатқа созылған жиын халықтың көше атауларын өзгертуді толғымыен қолдап, дауыс берімен аяқталды. Мәслихат хатшысы қоғамдық тыңдалымның нәтижесі облыстық мәслихат сессиясында, одан кейін республикалық ономастикалық комиссияда қаралып, содан кейін шешім шығарылатындығын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін де Қарағандыда он көшенің атауын өзгеретіндігі туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы