+997 DEF-коды: Қазақстан жаңа телефон кодына қалай және не үшін көшеді?

21 Қазан 2021, 12:30
7822
Бөлісу:
+997 DEF-коды: Қазақстан жаңа телефон кодына қалай және не үшін көшеді?
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі +997 DEF-кодының артықшылығы мен оның қашан енгізілетіні туралы сұрақтарға жауап берді.

Baq.kz: +997 коды деген не? Ол қандай код?

Министрлік: + 7 коды – біріктірілген код және Ресей Федерациясымен бірге 2006 жылдың 17 маусымында жасалған «Әлемдік нөмірлеудің 7-аймағының нөмірлеуін пайдалану туралы» келісім негізінде қолданылады.

Ал +997 жеке ел коды. Елдің халықаралық кодтары Халықаралық электр байланыс одағымен (ХЭБО) бөлінеді. Сонымен қатар қазіргі қолданыстағы құжаттарда (ХЭБО-ның Е.164 ұсынысы) жаңадан бөлінетін кодтар тек үш таңбалы болады деп белгіленген. Бір және екі таңбалы кодтар бұрын бөлінген кодтар.

Baq.kz: Қазақстан +997 кодына өту туралы мәлімдеді. Мұның басты себебі неде? Мұндай өзгеріс елге не әкеледі?

Министрлік: Дербес халықаралық телефон кодына өту арқылы Қазақстан осы бағыттағы мәселелерді өз бетінше қарастырып, жеке-дара шешім қабылдау құзыретіне қол жеткізіп қана қоймай, цифрландыру саласындағы өзгерістерге орай нөмірлеудің ұлттық ресурсын өзі үлестіреді. Сондай-ақ абоненттер мен қызметтер бойынша ұлттық жүйені кеңейту мүмкіндігіне ие болады.

+997 кодын енгізудің Қазақстанға тиімділігі +7 аймағында Қазақстанға 600-699, 700-799 нөмірлеу ресурстары, ал 300-399, 400-499, 500-599, 900-999 ресурстары Ресейге бөлінген болса, +997 кодына көшкен кезде осы барлық нөмірлеу ресурсы Қазақстанға тиесілі болады.

Baq.kz: Бұл кодты алғаннан кейін ел бойынша барлық оператордың сериялық нөмірлері өзгере ме?

Министрлік: Жаңа кодқа көшкен жағдайда ұялы байланыс операторларының DEF-кодтары және абоненттердің нөмірлері өзгеріссіз қалады.

Baq.kz: Мұндай өзгеріс ұялы байланыс операторларына шығын әкелмей ме? Мемлекетке ше?

Министрлік: Қазіргі ақпараттық заманда барлық жабдық цифрландырылған, сондықтан бағдарламаларда 7 санын 997 санына ауыстыру қиындық тудырмайды. Байланыс операторлары +997 кодына көшуге байланысты желідегі шығындарды өздері есептейді. Сонымен қатар жаңа кодқа көшу мемлекетке шығын әкелмейді.

Baq.kz: Қазіргі кодтар неліктен өз жұмысын бұрынғыдай жалғастыра бермейді?

Министрлік: Жоғарыда айтылғандай жаңа кодқа көшкен жағдайда Қазақстан 7-нөмірлеу аймағында бөлінген 600-699, 700- 799 DEF-кодтарын бұрынғыдай пайдалануды жалғастырады және жаңа кодтағы басқа DEF-кодтарын пайдалана алады.

Сонымен қатар ХЭБО-мен орнатылған тәртіпке сәйкес Қазақстан жаңа ұлттық кодқа 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауысқан жағдайда, жаңа кодқа көшу үрдісі 2025 жылдың қаңтар айына дейін жалғасады. Азаматтарға қолайлы болу үшін екі жыл бойы екі код қатар колданылады. Осылайша қазақстандықтарға қолданып отырған сервистер мен қосымшаларды жаңа кодқа ауыстыру үшін екі жылдай уақыт беріледі.

Baq.kz: DEF-кодтарды басқа елдер бізден бұрын алып қойған. Өзбекстан 2015 жылы, Қырғызстан 2012 жылы. Біз неге кеш алып жатырмыз? Тәуелсіздік алғаннан кейін неге бірден көшпедік?

Министрлік: Қазақстанның байланыс әкімшілігі тарабы сол кезеңдегі жабдықты, станцияларды қайта орнатуға және халықтың нөмірлерін өзгертуге жұмсалатын шығындардың жоғары деңгейін ескере отырып, бизнес үшін қосымша шығындарды болдырмау үшін +7 кодында қалу туралы шешім қабылдады. Яғни бұрын инфокоммуникациялық технологиялардың дамуы кезеңінде жаңа кодқа көшу процесі едәуір күрделі болғанын ескеру қажет.

Қазіргі технологиялық дамыған заманда жаңа дербес кодқа көшу үрдісі бірталай жеңілдегендіктен, жеке кодқа өту мәселесі қозғалып, +997 коды ХЭБО-да резервке қойылды.

Baq.kz: Қазақстанның +997 кодына көшуі үшін қанша қаражат жұмсалады?

Министрлік: +997 кодына көшу үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді, байланыс жүйесіндегі қажетті өзгерістерге тиісті шығындар операторлардың өз есебінен жұмсалады.

Baq.kz: Бұл код арқылы роуминг жүйесі өзгеріссіз қала ма? Ал байланыс операторларының тарифтері қалай жұмыс істейді?

Министрлік: Роуминг жүйесі өзгеріссіз қалады және жаңа кодқа көшкен жағдайда басқа елдің барлық роуминг-серіктесі тиісті түрде алдын ала хабарландырылады. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес байланыс қызметтерінің тарифтері мемлекет тарапынан бағалық реттеуге жатпайды.

Baq.kz: Бәріміз білетіндей, жаңа кодқа ауысуға қазақстандықтардың көпшілігі оң көзқарас білдіріп жатқан жоқ. Халыққа осы мәселе бойынша не айта аласыздар?

Министрлік: Бұдан бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында біз неге +7 аймағында Ресей елімен біргеміз, неге өз алдымызға халықаралық код алмаймыз, қашанғы Ресейге тәуелді болып отыра береміз деген пікілер болған. Сондықтан бұл мәселе туралы пікір көп. Оның үстіне, жоғарыда айтылған Ресеймен жасалған келісімге сәйкес, екі жақ кез келген уақытта, алты ай бұрын хабарлап келісімнен шығуға ниет білдіре алады. Осы мәселені құқықтық нақтылау барысында +997 кодын резерке қойып, одан әрі Ресеймен келісімді ретке келтіру мақсатында келіссөздер жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан жаңа кодқа көшу немесе көшпей қалу осы атқарылып отырған жұмыстардың нәтижесіне байланысты болады.

Өзгелердің жаңалығы