97 мың теңгеге дейін: Депутат ұшақ билетінің бағасын түсіруді ұсынды

13 Қыркүйек 2023, 12:16
875
Бөлісу:
97 мың теңгеге дейін: Депутат ұшақ билетінің бағасын түсіруді ұсынды
Фото: Нұркен Алишев - архив

Депутаттар Fly Arystan компаниясының әуе билеттерінің бағасын түсіруін, азаматтарымыздың табысына сай қолжетімді болуын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

Депутаттық сауал Қазақстан азаматтарының Fly Arystan әуетасымалдаушысының рейстерді жиі тоқтатуы, кешігуі, ауыстыруы және авиакомпанияның баға саясатына байланысты болып отыр.

Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылы алғашқы отандық лоукостер «Fly Arystan» компаниясы құрылғанда мәжіліске Индустрия және инфрақұрылым министрлігі мен Азаматтық авиация комитетінің басшылары келіп, компанияның мақсаты аумақтық қалаларды авиа кемесімен қамту, қымбат рейстерге бәсекелестік жасау және билеттерді он мың теңгеден аспайтын, қолжетімді бағада сататыны туралы уәдесін берген болатын. Ал шындығында бәсекелестік болмады, керісінше билет бағалары Air Astana және басқаларынан арзан емес болып шықты, бұл жолаушылар тарапынан көптеген наразылық тудырды, - деді ол.

Сөзінше, бұл екі компанияның бухгалтериясы да бөлек емес. Қос компания бір иесіне қызмет етіп жүр, бұл монополия. Әрине, бір иесіне қарайтын екі компания бір біріне ешқалай бәсекелестік ете алмайды. 

Қазақстанның кейбір бағыттарында Fly Arystan билеттерінің көрсетілген құны мысалыға: Астана – Ақтөбе, Алматы – Атырау сияқты бағыттарда шамамен 37 000 теңгеден 97 000 теңгеге дейін жетеді. Fly Arystan лоукостері билеттерің бағасы Air Astana, SCAT, Qazaq Air сияқты лоукостер болып саналмайтын басқа авиакомпаниялардағы бағалармен бірдей болып тұр. Мұндай бағалармен билет құнына 10 келі дейінгі қол жүгі, 23 келі дейінгі багаж, су, сондай-ақ отыратын орынды тегін таңдау құқығы кіретін өзге әуекомпаниялардың борттарымен де ұшуға әбден болады, - дейді депутат.

Ержан Бейсенбаев Туркияның лоукосторлық ұшақтардың бағасы Turkish Airlines авиакомпаниясының бағасынан бірнеше есе арзан екенін мысалға келтірді. Бірақ бұл арзандық көрсетілетін қызметтен еш сезілмейді. Өйткені түріктің арзан авиакомпаниялары көбінесе қымбат тасымалдаушыларға қарағанда жоғары қызмет көрсету деңгейіне ие. 

Депутат атап өткендей, Fly Arystan лоукостерлік авиакомпаниясының Астанадан Алматыға бір жарым сағаттық рейсі Еуропадағы, АҚШ-тағы немесе Қытайдағы ұқсас бағытқа қарағанда екі есе қымбатқа түседі.

Ал бізде арзан билет сатып алу үшін, жолаушылар әуе компаниясының кассасына 2-3 апта бұрын хабарласуы керек. Бірақ күтпеген жағдайлар туындаған кезде еліміздің азаматтары арзан әуе билеттерінің жоғары құнына тап болады. Бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқалардың арзан билеттерді пайдалануына кедергі жасайды және туризмнің дамуына үлкен әсер етеді, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Депутат Үкіметке мынадай ұсыныстар айтты:

1. Fly Arystan компаниясының әуе билеттерінің бағасын түсіруін, азаматтарымыздың табысына сай қолжетімді болуын;

2. Fly Arystan компаниясын Air Astana компаниясынан нағыз бәсекелестік болу үшін бөлек шығарып, болашақта жекешелендіруін талап етеді.

Өзгелердің жаңалығы