Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қысқы конкурс қорытындысы бойынша магистратураға білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды. Мемлекеттік гранттарды 945 қазақстандық жеңіп алды. Оның ішінде ғылыми-педагогикалық магистратураға 837 адам, бейіндік магистратураға 108 адам оқуға түсті, деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Үміткерлердің арасында «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика», «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» сынды бағыттар сұранысқа ие болды.
Айта кетейік, биыл Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша министрлік магистратура мен докторантураға гранттар беру үшін конкурсты екі рет дәстүрлі түрде жазда және алғаш рет қосымша қыста ұйымдастырды. Осылайша, түрлі себептерге байланысты магистратураға түсе алмаған үміткерлер білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға екінші мүмкіндік алды.
«Мемлекеттік гранттар республикалық конкурстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша берілді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, Қазақстан студенттер Альянсы мен «Отандастар» қорының өкілдері кірді. Отырыста комиссия барлық қатысушының нәтижелерін қарады. Конкурстық іріктеу рәсімі толығымен автоматтандырылған. Магистратурада оқу үшін білім гранттары үміткерлердің баллдарына сәйкес конкурстық негізде берілді», – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Магистратура бойынша мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі ҚР БҒМ-нің Telegram парақшасында және Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланған.
Барлық грант иегерлері 10 қаңтарға дейін құжаттарын университеттердің виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы тапсыруы тиіс. Оқу жоғары оқу орындарының академиялық күнтізбесіне сәйкес басталады.
Айта кетейік, іріктеу сапасын жақсарту үшін ақылы бөлімге магистратураға түсу үшін шекті балл көтерілді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратураға түсу үшін 50 балды құрайды.