Президент сайлауы – 2019. Қарағанды облысында 938 мың сайлаушы бар

30 Мамыр 2019, 08:57
3326
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Қарағанды облысында 938 мың сайлаушы бар

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында 9 маусымдағы кезектен тыс ҚР президент сайлауына қатысатын сайлаушылардың тізімі жаңартылды.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше аймақта 938 мың сайлаушы бар. Оларға 800-ден астам сайлау бөлімшесі қызмет ететін болады.

«Облыс бойынша президент сайлауына Қарағанды облысы бойынша 938 мың адам дауыс береді деп болжануда. Оларға 806 сайлау бөлімшесі қызмет етеді. Учаскелердің барлығы қажетті материалдық базамен жабдықталған. Қарағандыға шетелдік бақылаушылар да келді. Алдағы сайлауда жұмыс істейтін шетелдік бақылаушылар облыстың барлық өңірін аралауды жоспарлап отыр», - дейді Қарағанды облысы сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов.

Қазіргі уақытта облыс бойынша барлық елді мекеннің әкімдіктерінде «сайлаушылар қатарынан өзіңді тексер» деп аталған пункт жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, қарағандылықтар өздерін сайлаушылар тізімінде қандай бөлімшеде тіркелгендігін үйден шықпай-ақ анықтай алады. Бұл үшін Қарағанды облысының электронды қызмет порталына кірсе жеткілікті, e-krg.gov.kz. парақшасына кіріп, ЖСН немесе төлқұжат нөмірін теру қажет.

Халықаралық бақылаушылар ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына аймақтағы сайлау бөлімшелерінің дайындығын қадағалап, сайлауға дейінгі өңірдегі жағдайды бақылайтын болады. Олар сайлау күні Қарағанды, Теміртау дәне Шаxтинск қалаларындағы сайлау бөлімшелеріне баруды жоспарлап отыр.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, биылғы жылы алғаш рет аймақтағы сайлау бөлімшелерінің барлығында мүмкіндігі шектеулі адамдардың дауыс беруіне жағдай жасалады.

«Сайлау бөлімшелерінің бір бұрышында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруі үшін жазу үстелі, компьютер, құлаққап болады. Олардың бюллетенді өздері толтыра алуына мүмкіндік беретін траферат, лупа беріледі», - дейді Ерқара Аймағамбетов.

Сонымен қатар, Қарағандыда халықаралық бақылаушылар мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесе жұмыс істейтін Орталық жүмыс істеп тұр. Орталық Қарағанды облысының Кәсіпкерлер ассоциациясының бастамасымен құрылған. Мұнда бақылаушылар мен БАҚ өкілдерінің баспасөз-конференциясын өткізе алатын, кеңес беретін алаңдар берілді, сондай-ақ, олардың облыс аумағында жүріп-тұрулары үшін көлікпен қамтамасыз етіледі. Орталық 5 маусымға дейін сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін, ал 8-9 күндері тәулік бойы жұмыс істейтін болады.

«Біз Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына мониторинг жасау үшін басқа мемлекеттерден келетін бақылаушыларға көмектескіміз келеді. Сайлау уақытында Қарағанды облысына ЕҚЫҰ, ТМД елдерінен және парламентаралық бақылаушылар келеді. Біз облыстың және қаланың көрнекті жерлері жайлы ақпарат беретін кітапшалар дайындадық. Сондай-ақ, барлық сайлау бөлімшесі көрсетілген парақшалар бар. Біздің мекенжайымызды барлық сайлау комиссиясынан табуға болады», - дейді Орталықтың жетекшісі Серік Санаубаев.

Өзгелердің жаңалығы