- Мұқаба
- Пікір
- Айбар ОЛЖАЕВ
- 90 миллиондық нарық: Орталық Азия өз мүмкіндігін қаншалықты пайдаланып отыр?
90 миллиондық нарық: Орталық Азия өз мүмкіндігін қаншалықты пайдаланып отыр?
13 миллиардтан 20 миллиард долларға жету үшін өзара сауданы шамамен 54 пайызға арттыру қажет. Мұның артында нақты тапсырыстар, өндіріс, тасымал және жұмыс орындары тұр. Қазақстандық кәсіпорын көрші елден тұрақты сатып алушы тапса, өндірісін кеңейтуге негіз пайда болады. Өнім көлемі ұлғайған сайын жаңа жабдыққа қаржы салу, қосымша маман алу мүмкіндігі де артады, – деді экономист.
9 Қазан 2026, 17:37
Орталық Азия мен Әзербайжанның өзара саудасын 20 миллиард долларға жеткізу кәсіпорындарға жаңа тапсырыс әкеліп, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді. Алайда бұл мақсатқа жету үшін сауда кедергілерін азайтып, тасымалды жеңілдету қажет. Экономист Айбар Олжай өңірдің экономикалық әлеуеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық Азия мен Әзербайжанды бірге алғанда, халқы 90 миллионнан, экономикасының жиынтық көлемі 620 миллиард доллардан асатын нарық қалыптасады. Экономистің айтуынша, мұндай ауқым өңірдің өз ішінде тауар өндіруге де, оны өткізуге де мүмкіндік береді.
Осыншама адам күн сайын азық-түлік сатып алады, киім киеді, үй салады, көлік мінеді. Демек, өңірдің өз ішінде тауар өндіруге де, оны сатуға да сұраныс жеткілікті. Мәселе осы сұранысты өз кәсіпорындарымыз қаншалықты өтеп отырғанында, - деді Айбар Олжай.
Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген негізгі экономикалық мәселелердің бірі де осы болды. Елдер арасындағы сауда байланысы кеңейгенімен, көрші нарықтардың мүмкіндігі әлі толық пайдаланылмай отыр.
Соңғы алты жылда Орталық Азия елдерінің өзара саудасы екі есеге жуық өсіп, 12,3 миллиард долларға жеткен. Ал Президент келтірген мәлімет бойынша, былтыр өңірішілік сауда шамамен 13 миллиард долларды құраған. Бұл – елдердің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы үкіметтерге өзара сауда көлемін кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.
Айбар Олжайдың бағалауынша, бұл мақсаттың маңызын сауда көлемінің өсуімен ғана шектеуге болмайды. Оның кәсіпорындардың жұмысына да тікелей әсері бар.
13 миллиардтан 20 миллиард долларға жету үшін өзара сауданы шамамен 54 пайызға арттыру қажет. Мұның артында нақты тапсырыстар, өндіріс, тасымал және жұмыс орындары тұр. Қазақстандық кәсіпорын көрші елден тұрақты сатып алушы тапса, өндірісін кеңейтуге негіз пайда болады. Өнім көлемі ұлғайған сайын жаңа жабдыққа қаржы салу, қосымша маман алу мүмкіндігі де артады, – деді экономист.
Алайда тауарды шығару жеткіліксіз. Оны шекарадан уақытында өткізіп, қоймаға жеткізіп, сатып алушыға қолайлы бағамен ұсыну қажет. Шекарада күткен әр сағат, артық құжат пен қосымша тасымал шығыны түптеп келгенде өнімнің бағасына қосылады.
Сондықтан өткізу бекеттерін ашу, сауда кедергілерін азайту, теміржол мен автожол байланысын кеңейту тұтынушының қалтасына да тікелей қатысты.
Осы тұрғыдан шекара маңындағы сауда-логистика және өндіріс орталықтарының маңызы зор. Қазақстан Қырғызстанмен бірге индустриялық сауда-логистикалық кешен жобасын, Өзбекстанмен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын жүзеге асырып жатыр.
Олардың экономикалық қайтарымы жүкті өткізу көлемімен ғана өлшенбейді. Мұндай орталықтарда өнімді өңдеу, бөлшектерін шығару, құрастыру, қаптау секілді жұмыстар жолға қойылса, өңірде қалатын табыс та көбейеді, – деді Айбар Олжай.
Экономистің пайымынша, елдер арасындағы өндірістік байланысты тереңдетуге мүмкіндік бар. Мысалы, бір мемлекет шикізат жеткізіп, екіншісі оны өңдеп, үшіншісі дайын өнімді сыртқы нарыққа шығара алады. Осындай жүйе қалыптасқанда кәсіпорындар бір-біріне тұрақты тапсырыс береді. Машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрлық технологиялар саласындағы бірлескен жобалардың мәні де осында.
Бұл жүйенің жұмыс істеуі үшін сенімді көлік желісі қажет. Президенттің кездесуде келтірген мәліметінше, Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржолдарының құрылысы аяқталуға таяу. Бақты – Аягөз бағытын келесі жылы ашу жоспарланған. Қытайды Каспий теңізі және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы да басталған.
Әзербайжанмен ықпалдастықтың практикалық маңызы Транскаспий дәлізінен көрінеді. Каспийдің екі жағындағы порттар мен теміржолдардың үйлесімді жұмысы Орталық Азия тауарларының батысқа шығуын жеңілдетеді. Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы оңтүстік бағыттағы байланысты күшейтеді. Ал болашақтағы трансауған теміржолы Оңтүстік Азия нарықтарына шығудың қосымша мүмкіндігі ретінде қарастырылып отыр.
Дегенмен экономист көлік инфрақұрылымын кеңейтумен қатар, тасымалды ұйымдастыру мәселелерін де шешу қажет екенін атап өтті.
Жаңа жол салынғаннан тауар автоматты түрде арзандап кетпейді. Ол үшін тасымал тарифтері, кеден рәсімдері, өткізу бекеттерінің жұмысы және жеткізу мерзімі өзара үйлесуі керек. Кәсіпкер жүгі қанша күнде жететінін, жолға қанша ақша жұмсайтынын алдын ала есептей алғанда ғана ұзақмерзімді келісімшартқа барады, – деді ол.
Айбар Олжайдың пікірінше, өңір елдерінің ендігі міндеті – қалыптасқан экономикалардың өзара байланысын тереңдету. Сауда көлемін арттыру мақсатының нәтижесі кәсіпорындардың жұмысынан және халықтың күнделікті өмірінен көрінуі керек.
Тәуелсіздіктің 35 жылында өңір елдері өз экономикаларын қалыптастырды. Енді сол экономикалардың бір-бірімен байланысын тереңдету қажет. 20 миллиард долларлық сауда мақсатының нақты нәтижесін де күнделікті өмірден көруге тиіспіз, - деді Айбар Олжай.
Тағы оқи отырыңыз: $620 млрд ЖІӨ: Орталық Азия және Әзербайжанмен ынтымақтастық Қазақстанға не береді?
Ең оқылған:
- Ресей Путинді қамауға алу ордерін шығарған прокурорды іздеуге жариялады
- Алматыда 200-ге жуық жеке үй сүріледі: Қай көшелердегі үйлер бұзылады?
- ЖРВИ мен тұмау көбейді: Үйдегі дәрі қобдишасында қандай дәрі болғаны дұрыс?
- Декрет, емделу, жәрдемақы мен зейнетақы: Мемлекет қазақстандықтарға қандай кепілдік береді?
- Мектеп гардеробындағы кептеліс: Астанада директор қызметінен босатылды
Аида БАТУХАН