9 айда Қазақстан экономикасы 4,7 пайызға өсті

10 Қазан 2023, 10:18
588
Бөлісу:
9 айда Қазақстан экономикасы 4,7 пайызға өсті
Фото: Үкімет

Қантар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны - 4,7%. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қуантыров оның ішінде нақты сектор – 3,7%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 5,1%-ке өскенін атап өтті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс көрсетті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны - 12,1%. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 59,4%-ке, саудада – 37,5%-ке, білім беруде – 23,7%-ке, ауыл шаруашылығында – 12,9%-ке, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,2%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 4,3%-ке өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Түркістан, Павлодар және Абай облыстарында байқалды. Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 4,2%-ке өсіп, 91,1 млрд долларға жетті. Экспорт 51,2 млрд доллар, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 16,2 млрд долларға жетті, – деді Қуантыров.

Ол тауарлар импорты 39,8 млрд долларға өскенін айтты.

Жалпы, оң сауда балансы 11,4 млрд долларға тең. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2%-ке өсті. Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Алматы қаласы және Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстары көрсетті, – деді ведомство басшысы.

Өзгелердің жаңалығы