Қазақстандық блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ұзақ үзіліс пен сот талқылауларынан кейін Instagram желісінде жаңа жазба жариялап, өздерінің оралғанын мәлімдеді.
Блогерлер видеоны өздерінің жеке парақшаларында жариялады. Кадрлардан жылы атмосферадағы отбасылық отырысты көруге болады. Жазба астында Жанабыловтар қиын кезеңді артқа тастағандарын атап өткен.
9 ай үнсіз болдық. 4 ай әлеуметтік желіде болмадық. Осы уақыт ішінде көп нәрсе өтті соттар, уайым, отбасымызбен бірге қиын кезеңнен өттік. Бірақ бүгін қайта оралып отырмыз. Жаңа күшпен, жаңа оймен. Осы уақыт бойы бізге жазған, күткен, қолдау көрсеткен жандардың бәріне үлкен рахмет. Сіздердің қолдауларыңыз бізге күш берді. Бізбен бірге болғандарыңызға Рахмет, - деп жазды блогерлер парақшасында.
Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге аппелляция берілген болатын.
Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың ұйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.
Анықталғандай, Жанабыловтар тергеумен келісімге келді. Сот барысында судья әр айыпталушының ұстанымын жеке нақтылады.
Блогер Жанабылов пен Төлегеноваға сот үкімі жарияланып, екі айыпталушы да кінәлі деп танылды.
Сот отырысы барысында Жанабыловтардан қандай мүлік тәркіленетіні айтылды.