- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 860 іс сотқа жетті. Қазақстанда жемқорлықпен күрес қалай жүріп жатыр?
860 іс сотқа жетті. Қазақстанда жемқорлықпен күрес қалай жүріп жатыр?
18 Қараша 2026, 11:41
Құжатты тез рәсімдеу үшін сұралған ақша. Тендерді «шешіп беру» туралы ұсыныс. Мемлекеттік жобаға бөлініп, жеке қалтаға кеткен қаражат. Көрінісі әртүрлі болғанымен, жемқорлықтың зардабы ортақ. 18 қараша – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары күні. BAQ.KZ тілшісі осы қылмыстармен күрес қалай жүріп жатқанын, резонансты істерді және азаматтардың жемқорлықпен күреске қосқан үлесін саралады.
Қызметтің міндеті қандай?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет туралы ақпарат көбіне бір лауазымды тұлғаның ұсталғаны жөніндегі жаңалықтан басталады. Алайда ұстау – қылмыстық істегі процессуалдық әрекеттердің бірі ғана. Қызметтің негізгі міндеттері жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді қамтиды.
Бұл жұмыстың барысында ықтимал заңсыз әрекет туралы ақпарат тексеріледі, дәлелдер жиналады, ақша қозғалысы мен лауазымды тұлғалардың шешімдері зерттеледі. Тергеудің мақсаты – нақты адамның әрекетіне құқықтық баға беруге жеткілікті мән-жайды анықтау. Ал кінәлілік пен жаза жөніндегі түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Жемқорлықпен күрес жүйесінің құрылымы да өзгерді. Президенттің 2025 жылғы 30 маусымдағы Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылып, комитет құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды.
Ал жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және іске асыру, мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын үйлестіру, жемқорлыққа жағдай туғызатын себептерді азайту және қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру міндеттері Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді. Яғни қылмысты тергеу мен жүйелі профилактика бағыттарының жауапты органдары ажыратылды .
Бір жылда 860 іс сотқа жолданған
ҰҚК-нің 2025 жылғы қорытынды мәліметінше, жемқорлыққа қарсы жұмыс аясында 895 адамның заңсыз әрекетінің жолы кесілген. Барлығы 1 052 қылмыстық іс қозғалып, 969 істің тергеуі аяқталған. Соның 860-ы сотқа жолданған.
Ведомство анықталған фактілердің басым бөлігі парақорлық пен бюджет қаражатын жымқыруға қатысты екенін хабарлады. Осы жұмыс аясында бюджетке 16,1 млрд теңге өтеліп, құны 3,3 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынған.
2026 жылғы жұмыс нәтижесінде де біршама іс сотқа жолданған. Мәселен, шілде-тамыз айларында 201 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркеліп, 140 адам күдікті деп танылған. Осы кезеңде 126 істің тергеуі аяқталып, 110 іс сотқа жіберілген. Аяқталған істер бойынша анықталған залал 3,7 млрд теңгені құраған. www.gov.kz
Қыркүйекте 106 құқық бұзушылық тіркеліп, 93 адам күдікті деп танылған. Тергеуі аяқталған 81 істің 78-і сотқа жолданған. Бұл айдағы аяқталған істер бойынша анықталған залал да 3,7 млрд теңге болған.
Парақорлық күнделікті қызметтерге де араласады
Жемқорлық істері ірі тендерлермен немесе министрліктердің шешімдерімен шектелмейді. Азаматтардың күнделікті жүгінетін қызметтерінде де заңсыздық анықталады.
Мысалы, ҰҚК 2026 жылы Астана, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептер қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәлігін беру кезінде заңсыз сыйақы алу фактілері анықталғанын хабарлады.
Астанада мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының бұрынғы орынбасарына қатысты іс тергелуде. Ведомствоның мәліметінше, ол емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға пара үшін көмектескен. Жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам факт процессуалдық тұрғыда құжатталған.
Көкшетау мен Екібастұзда емтиханды өзге адамдардың тапсыруын ұйымдастыру үшін ақша алу фактілері анықталған. Сондай-ақ Астана, Шымкент және Таразда жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу мен ауыртпалықтарды алып тастау кезінде қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану белгілері бойынша тергеулер жүргізіліп жатқаны жарияланды.
Мұндай әрекеттердің салдары параның сомасынан әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін. Жүргізуші куәлігінің заңсыз берілуі жол қауіпсіздігіне, ал мүлікті тіркеудегі заңсыздық азаматтың меншік құқығына қатер төндіреді.
Бұрынғы министрлер мен вице-министрлердің істері немен аяқталды?
Жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты істердің бір бөлігі бойынша сот үкімі шыққан. Олардың арасында бұрынғы министрлер мен вице-министрлер бар. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.
Марат Бекетаев. Бұрынғы әділет министрі 2023 жылғы қазанда ұсталған. Антикор бастапқыда оны өзімен байланысты компанияның мүддесін қолдап, қажет емес қызметтерге жыл сайын шарт жасасу арқылы мемлекетке аса ірі залал келтірді деген күдікпен тергеген.
2025 жылғы маусымда ведомство өкілі Бекетаевтың мүлкі тәркіленіп, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады. Іс алаяқтық, аса ірі көлемдегі жымқыру және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша тергелген. Материалдардың құпия болуына байланысты барлық мән-жай жарияланған жоқ.
Арыстанбек Мұхамедиұлы. Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, кейін Ұлттық музейді басқарған Мұхамедиұлы 2022 жылғы мамырда ұсталған еді. Істің негізгі эпизодтарының бірі «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасына бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты болды.
Кейін сотта аса ірі көлемдегі жымқыру, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану, рейдерлікке және пара беруге оқталу эпизодтары қаралды. 2024 жылғы сот шешімдері бойынша оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындап, мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Ерлан Қожағапанов. Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрінің ұсталғаны 2024 жылғы наурызда белгілі болды. Іс 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға бөлінген қаражатқа қатысты болды.
Антикор мәліметінше, коммерциялық ұйымның мүддесін қолдау нәтижесінде форум шығынының сметасы екі есе өсіп, бюджетке келтірілген залал 1 млрд теңгеден асқан. 2025 жылғы мамырда сот Қожағапановқа үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алайда 2026 жылғы шілдеде оның бостандыққа шыққаны хабарланды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің түсіндіруінше, сот өтелмеген екі айлық бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлға ауыстырған.
Ибрагим Күлшімбаев. Бұрынғы төтенше жағдайлар бірінші вице-министрінің ісінде әскери қызметшілер мен ведомство техникасын жеке тұрғын үй құрылысына пайдалану фактілері қаралды.
2024 жылғы тамызда бірінші сатыдағы сот оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Бірақ сол жылғы қыркүйекте апелляциялық сот әрекетін қайта саралап, жазаны үш жылға бас бостандығын шектеуге ауыстырды. Ол сот залында қамаудан босатылды.
Тимур Тоқтабаев. Бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі 2022 жылғы қарашада ұсталды. Іс Қостанай облысындағы «Шевченковское» кен орнын өзімен байланысты тұлғаларға беру кезінде лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға қатысты болды.
2023 жылғы қазанда сот оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Талғат Ардан. «Astana LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысына қатысты істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеді. 2023 жылғы мамырда Ардан сырттай жеті жылға сотталды. 2024 жылы сот оны лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, сырттай тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Талғат Ермегияев. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы 2016 жылғы маусымда пара алу және аса ірі көлемде қаражат жымқыру бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, ұлттық компаниядан жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 10,2 млрд теңгені құраған. 2025 жылғы шілдеде сот Ермегияевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Тергеудегі істер: күдік пен үкімнің айырмасы
2025 жылғы тамызда көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев пара алды деген күдікпен ұсталды. ҰҚК оның сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады.
Істің кейінгі кезеңінде айыптың мазмұны өзгергені туралы ақпарат шықты. 2026 жылғы қазандағы сот қаулысына сүйеніп, сотқа түскен материалда кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және қылмыстық кірісті заңдастыру баптары көрсетілген.
2026 жылғы 11 қарашада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыпов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Е. Отыншиев және басқа адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған еді.
Ведомство тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын хабарлағанымен, болжамды залалды, нақты сомаларды және істің егжей-тегжейі белгісіз. Қазір тексеріс жүргізілуде.
Халықпен жұмыс қандай нәтиже беріп жатыр?
Жемқорлықтың алдын алу азаматтың өз құқығын білуінен, заңсыз талапты тануынан және оған шағымдана алуынан басталады. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірге қоғамдық ұйымдар да жұмыс істейді.
2025 жылғы Ұлттық баяндамаға сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған 1 480 іс-шара өткізіліп, 308 мың азамат қамтылған. Жастарға арналған дебаттар, тренингтер, пікірталастар және құқықтық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған.
«ADAL AZAMAT – BELSENI QOGAM» жобасы аясында барлық 20 өңірде халыққа құқықтық көмек көрсететін консультациялық орталықтар құрылған. Оларға түскен өтініштер саны 2 069-дан 2 374-ке өскен.
Бұл көрсеткіштер жұмыстың ауқымын сипаттайды. Ал оның тиімділігін бағалау үшін өткізілген кездесулер санымен қатар, азаматтардың қанша мәселесі шешілгенін, қандай заңсыз талаптар тоқтатылғанын және анықталған кемшіліктердің қайталануын да қарастыру қажет.
Жемқорлық туралы хабарлағандарға сыйақы беру тиімді ме?
Азаматтардың көмегін ынталандыру үшін жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу тетігі қолданылады.
ҰҚК мәліметінше, 2025 жылы 61 адамға жалпы 24,2 млн теңге төленген. Ал 2024 жылғы ресми көрсеткіш бойынша 104 адам 35,5 млн теңгеге көтермеленген.
Ақшалай ынталандырумен қатар, хабарлаған адамның қауіпсіздігі мен құпиялылығы да маңызды. Ресми нұсқаулықта жемқорлық туралы хабарлаған немесе оны анықтауға көмектескен адамдардың мемлекеттік қорғауда болатыны көрсетілген. Өтініш беруші туралы мәліметтерді қорғау заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Азамат қайда хабарласа алады?
Жемқорлық фактісі туралы 1424 тегін нөміріне хабарлауға болады. Сондай-ақ ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне немесе тиісті аумақтық органға жазбаша жүгінуге мүмкіндік бар.
Хабарламада оқиғаның қайда және қашан болғанын, қандай заңсыз әрекет жасалғанын және белгілі мән-жайларды нақты көрсету ұсынылады. Өтініштің тіркеу нөмірін сақтап, оның қаралу барысын бақылаған жөн.
Жемқорлыққа қарсы жұмыстың маңызы азамат күнделікті қызмет алған кезде сезілуге тиіс. Ол құжатын рәсімдеу, кәсібін жүргізу немесе заңды құқығын қорғау үшін бейресми төлем жасауға мәжбүр болмауы керек. Ал заңсыз талапқа тап болған жағдайда, шағымының тексерілетініне және өзінің қорғалатынына сенуі қажет.
Ең оқылған:
- Қазақстандықтарды қыста қандай өзгерістер күтіп тұр: Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және айыппұл
- Алаяқтар зейнетақы ақшасын иемденудің жаңа айласын ойлап тапты
- ҚазҰУ студентінің қазасы: Ғылым министрлігі тексеру жүргізеді
- Қазақстандық актер Испанияда халықаралық марапатқа ие болды
- Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 млдр долларға жетті
Аида БАТУХАН