Қарағандыда 86 көпбалалы отбасы баспаналы болды

30 Мамыр 2019, 18:26
2089
Бөлісу:
Қарағандыда 86 көпбалалы отбасы баспаналы болды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда көпбалалы отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгін қарағандылық 86 көпбалалы отбасы пәтер кілттеріне ие болып, қоныс тойын тойлауда. Осылайша, жыл басынан бері облысты 100-ден аса көпбалалы жанұя баспаналы болды.

ҚР Тұңғыш Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру бойынша, оның ішінде Елбасының «Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бірінші бастамасы аясында Қарағандыда біршама шара атқарылып жатыр. Биыл Қарағанды облысында 440 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланған. Оның ішінде 1000-ға тарта пәтер баспана кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы жанұяларға беріледі. Көпбалалы баспанасыз отбасылардың алғашқы легі үйлеріне қоныстана бастады.

Бүгін қала әкімі Нұрлан Әубәкіров Қарағандының жаңа орталығы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының Байкен Әшімов атындағы ықшам ауданында орналасқан көпқабатты үйдегі пәтерлердің кілті мен құжаттарын көпбалалы отбасыларға табыс етті. Қаланың бас жоспарына сай болашақта мұнда қаланың әкімшілік-іскерлік және мәдени орталығы орналасатын болады. Жаңа шағын ауданда әлеуметтік және спорт нысандарының, гүлзарлардың, концерт залының, балалар мен жасөспірімдер сарайының және тағы басқа да көптеген нысанның құрылысы жоспарланған.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов тапсырмалары аясында көпбалалы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, нақты шаралар жүзеге асырылуда. Қазір облыс орталығында 1500-ден астам көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда. Олардың 500-ге жуығы жол жүру жеңілдігімен қамтамасыз етілген. Көпбалалы ата-аналарға балабақшаларда 50% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар, олардың балалары спорттық секциялар мен үйірмелерде тегін айналыса алады. Ал жазда «Салют» лагерінде демалуға мүмкіндік жасалған», - деді кеншілер шаһарының басшысы.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Қарағандыда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға 494 отбасы кезекте тұр.

«Төрт балам бар. Баспаналы болғанымызға қуанышымыз шексіз. Мемлекеттің көпбалалы отбасыларға көрсеткен қолдауына ризамыз», - дейді баспаналы болған ана.

Еске салайық, бұған дейін аймақта 27 отбасы өз пәтерлеріне ие болған болатын. 1 мамыр күні облыстың Теміртау, Балқаш, Саран, Қаражал, Абай, Приозерск, Шаxтинск қалаларында, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа және Нұра аудандарындағы көпбалалы отбасыларға да пәтер кілттері табыс етілген. Жыл соңына дейін облыста 560 көпбалалы отбасы өз үйлерінде қоныс тойын тойламақ.

Өзгелердің жаңалығы