Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгінгі онлайн брифинг барысында 85 000 теңге көлеміндегі көтерме өтемақы туралы айтты.
Тағы бір назар аударар мәселе, кеше Мемлекет басшысы тапсырған жұмыспен қамту картасына қатысты. Қазір елімізде жаңа жұмыспен қамту картасы әзірленді. Оған 1 триллион теңге қаражат бөлініп отыр. Сол қаражаттың есебінен елімізде 7 мыңнан астам жоба іске асырылады. 240 мыңнан астам жұмыс орындары болады, – деді министр.
Сондай-ақ, бұған дейін ірі қалаларға ауылдардан келіп жұмыс істеп жүрген жастар қазір карантинге байланысты қалаға кіре алмай жұмыссыз қалғандар туралы да айтты.
Кеше Президент Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы ауылдардан келіп жұмыс істеп жүрген жастар қазір қалаға кіре алмай жұмыссыз қалды деген мәселеге ерекше көңіл бөлді. Осы тапсырма бойынша егер өз ауылдарыңызға қайтып, жұмыспен қамту картасына қатысатын болсаңыздар, сіздерге сол жұмысқа кіріскен күні 85 000 теңге көлемінде көтерме өтемақы төленетін болады. Бұл жалақыға қосылмайды. Бұл бойынша тиісті рекруттік пункттер ұйымдастырылатын болады. Тапсырма барлы өңірлерге берілді, – деді министр.