Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі күні Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін тойлауды бастап кетті. Бұл мейрамды сөз еткенде ең алдымен, көз алдымызға демалыс күндер және аяулы аналарымыз бен нәзік жанды аруларға арналған сыйлықтармен елестейді. Яғни көктемнің бұл мерекесі асыл аналарымыз бен қызғалдақтай құлпырған аяулы қыз-келіншектеріміздің мейрамы.
Осы ретте әріптестерімнен 8 наурыз ер-азаматтарымыз үшін қандай мереке екенін, сондай-ақ олар мейрам күні жақындарын қандай сыйлықтармен қуантатыны жайлы сұрап көрдім.
Бұл – қыздарға тек гүл сыйлаумен ғана шектелетін мейрам емес
Мен үшін 8 наурыз халықаралық әйелдер күні үлкен маңызға ие мереке. Себебі сан ғасырлар бойы әйелдердің адамзаттың дамуына қосқан үлесі жеткілікті деңгейде иеленбей келді. Ал қазіргі таңда әйелдер тек отбасының бірлігін ойлап қана емес, саяси өмір мәселелеріне белсене араласатын қоғам мүшелері. Сол себепті атаулы күнде үйдегі туған-жақындарымыздан бастап әйелдер қауымына көңіл бөліп, қуаныш сыйлаған абзал. Елімізде әйелдердің құқығы қорғалмай, тапталып жататын кездер болатынын да мойындау керек. Сондықтан бұл мейрам қыздарға тек гүл сыйлаумен ғана шектелмейді. Жалпы қоғамдық құндылыққа маңызды әділдік, қуаныш, мейірім секілді ұғымдарды біріктіреді, - дейді журналист Олжас Адай.
Әріптесім осы жылы жақындарын қалай қуантатынын да айтып берді.
Бұл мерекеде жақындарымды қуантып, сыйлық беру өзімді де ерекше жылы сезімге бөлейді. Бала күнімде үйдегі ата-анам мен мектептегі мұғалімдерімді гүлмен, жақсы тілек сөздермен құттықтайтынмын. Уақыт өте келе сыйлықтың түр-түрі пайда болып жатыр. Мысалы, қазір түрлі бейнежазбалар жолдау не әлеуметтік желілер арқылы құттықтап, ерекше сыйлықтар табыстауға тырысамын, - дейді Олжас.
БАҚ өкілінің сөзіше, сыйлықтың жақсысы ерекше болуында. Бағасы қандай болса да, көпшілік бермеген, жылда қайталана бермейтін дүние болса болғаны. Бағасы әркімге әрқалай болуы мүмкін. Айтуынша, бастысы – ниет.
Жылдың басқа күндерінде де аруларымызға себепсіз көңіл бөліп тұруы керек
Бұл мереке – көктем шығып, әйелдер құлпырып, қыздарға ерекше көңіл бөлетін күн. Бірақ ер-азаматтар 8 наурызды күтпей, жылдың басқа күндерінде де аруларымызға себепсіз көңіл бөліп тұруы керек деп есептеймін. Бұл мейрамда анама міндетті түрде гүл сыйлаймын. Одан бөлек, жақы көретін қызыма, достарымды да назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Мысалы, концертке билет және шоколадтан жинақталған гүл сияқты букет сыйлаймын, - дейді монтажер Нұрасыл Ержанов.
Ол сыйлыққа шамамен 60 мың теңгедей жарататынын айтты.
8 наурызда аруларымыздың әдемілігі мен тартымдылығы еселене түсетін секілді
Қызғалдақтың сұлулығын, қырмызыдай құлпырған әйел заты қызықтасын деп, жер әлемді кезіп кететін шақ деп қабылдаймын. 8 наурызда онсыз да жайнап жүрген аруларымыздың әдемілігі мен тартымдылығы еселене түсетін секілді, - деп айтты дизайнер Нұрсұлтан Бақанов 8 наурыз туралы.
Нұрсұлтанның ойынша, мейрамда қыздарға жиі тарту етілетін сыйлық – ол гүл.
Өзім гүлді маған жылу сыйлап жүрген мейірімді жандарға беремін. Жалпы әр мейрамда сыйлыққа ақша әр түрлі көлемде кетеді. Оны жария етпей-ақ қойған дұрыс сияқты, - деп түсіндірді әріптесім.
Нұрсұлтан Бақанов жақындарын таңғалдырудың оңтайлы сәтін күтіп жүргенін айтты.
Негізі таңқалдыратын бір дүние бар. Бірақ жүрек талмасы бар жақындарым жаңалықты естіп, қуаныштан жүректері жарыла ма деп қорқамын. Сол себепті оңтайлы сәтті күтіп жүрмін, - дейді ол.
Аналарымыздың құшағы жылына бір рет гүлге оранғанының еш сөкеттігі жоқ
Бір депутат ағамыз «елде демалыс, мерекелер көп және оны азайту керек» деп айтыпты. Соның ішінде 8 наурызға қарсы шыққан. Меніңше, қыз-келіншектер, аналарымыздың құшағы жылына бір рет гүлге оранып, мәз болып қалғанының еш сөкеттігі жоқ. Әсіресе, қазіргідей кезде еңселерін бір рет көтеріп, мәз-мейрам болып жатса керемет емес пе? – дейді әріптесім Бек Төлеуов.
Ол студент кезінде бір топта оқыған қыздарына сыйлық беру үшін 8 наурыз ерекше күтетін мейрам болғанын сөз етті.
Студент кезде 8 наурыз ерекше күтетін мереке болатын. Қыздардың көңілін аулап, сыйлық беріп қуантқанды жақсы көретінбіз. Кейіннен де бұл әдетімізден жаңылмай жүрдік. Ал қазір ондай қарқын азайған. Жұмыста жігіттердің ортақ жинағанына қосыламыз. Кейін отбасын құрған соң сыйлық табыстау жағын тағы көре жатармыз, - дейді Бек Төлеуов.
Айта кетейік, Халықаралық әйелдер күні алғаш 1911 жылы төрт елде – Дания, Швейцария, Австрия және Германияда тойланды. 1912 жылдан бастап әйелдер күні әлемнің әр елінде кең көлемде мерекелене бастады.