74 рет дүре соғылды: Иранда хиджабсыз ән айтқан әншіге шығармашылықпен айналысуға тыйым салынды

25 Қараша 2026, 15:56
АВТОР
 видеодан скриншот 25 Қараша 2026, 15:56
25 Қараша 2026, 15:56
209
Фото: видеодан скриншот

Иранда әнші Парасту Ахмадиге және оның тобының төрт мүшесіне қатысты үкім орындалды. Әрқайсысына 74 дүреден соғылды. Бұл туралы музыканттардың адвокаты Мостафа Нили ирандық Emtedad жаңалықтар сайтына мәлім еткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаза дүйсенбі күні, 23 қарашада Кум қаласында орындалған.

Кумдағы сот бесеуіне де үкімді маусым айында шығарған болатын. Олар қоғамдық адамгершілікті қорлады, сондай-ақ интернетте «әдепсіз және азғындық мазмұндағы контент» жасап, таратты деп айыпталды.

Бұған 2024 жылдың желтоқсанында YouTube желісінде жарияланған видео себеп болған. Онда Ахмади ер музыканттармен бірге Иранда міндетті саналатын хиджабсыз ән айтады.

Euronews мәліметінше, концерт Кум маңындағы көне керуен-сарайда көрерменсіз өткен. Ол онлайн көрсетіліп, бірнеше күн ішінде жазбаны шамамен 3 миллион адам қараған.

Дүре соғудан бөлек, сот бесеуіне де екі жыл бойы музыкамен және шығармашылықпен айналысуға, сондай-ақ Ираннан шығуға тыйым салды.

Батыс үкіметтері мен құқық қорғау ұйымдары дүре соғуды айыптап, оны халықаралық құқықты бұзатын азаптау деп атайды. Иран өз атына айтылған сынды жоққа шығарып, Батыс елдері алдымен өздеріндегі адам құқықтарының бұзылуымен айналысуы керек деп мәлімдейді.

Міндетті хиджаб ережелері 2022 жылы Ирандағы наразылықтардың басты себептерінің біріне айналды. Сол кезде орамалды дұрыс тақпады деген күдікпен ұсталған күрд текті ирандық Махса Амини қамауда көз жұмған еді. Содан бері Тегеран мен елдің басқа қалаларында әйелдердің көбі бұл ережелерді сақтамай жүр, ал билік олардың орындалуын таңдаулы түрде қадағалайды.

Наверх