Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, өңірде 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Минералды-шикізат базасын кеңейту бағытында жаңа «Кварц желісі 81» және «Батыс Қаражал» кен орнының ашылуы мен 10 кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде 150 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өңірді индустриялық-инновациялық дамыту шеңберінде жалпы инвестиция көлемі 700 млрд теңгеден асатын, 3 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 16 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Олар: өнеркәсіптік реагент шығаратын химия зауытының құрылысы, қуаты орташа мұнай өңдеу зауытын, гидрометаллургиялық өңдеу жолымен қара мыс концентраттарын өндіретін зауытты, құрамында алтыны бар кендерді үймелі шаймалау жөніндегі қайта өңдеу кешенін және Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехын салу, - деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі кәсіпкерлік дамыту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жолға қойылады.
Сондай-ақ «Табысқа жету жолы» кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беріліп, Жезқазған қаласында көтерме-тарату орталығы мен гипермаркет салынады. Өңірге туристерді тарту үшін Жезқазған қаласында қонақ үй кешендері, Ұлытау ауданында туристік орталық және санаторий үлгісіндегі демалыс үйі салынады, - деді әкім.
Белгілі болғандай, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешен саласында 11 инвестициялық жобаны іске асыру өңірге 8 млрд теңгеден астам инвестиция тартылуы мүмкін. Бұл облыс тұрғындарын ет және сүт өнімдерімен, картоппен және көкөністермен қамтамасыз етуге жол ашады. Сондай-ақ жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру бойынша жемшөп базасын құру, 2026 жылға қарай майлы дақылдардың егіс алқаптарын кезең-кезеңімен 5 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.