Астана қаласында жедел медициналық жәрдем станциясында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шығарылды.
Іс Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізген тергеу материалдары негізінде қаралды. Соттың анықтауынша, 2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы директоры, көлік бөлімінің бұрынғы басшысы және бұрынғы бас механик әрі қойма меңгерушісі санитарлық автокөліктерді жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған.
Салдарынан жұмысқа жарамды санитарлық автокөліктердің саны 149-дан 32-ге дейін қысқарған.
Мемлекетке келтірілген жалпы залал 700 млн теңгеден асты. Оның ішінде 440 млн теңгеден астамы сот үкімімен өндірілсе, такси қызметтеріне жұмсалған 300 млн теңгеден астам қаражат азаматтық сот тәртібімен өндірілетін болады.
Сот үкімімен айыпталушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 8 және 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ олардың әрқайсысы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.