Ақмолада «Еңбек» бағдарламасы арқылы 700-ден аса жоба қаржыландырылды

23 Мамыр 2019, 19:08
1801
Бөлісу:
Ақмолада «Еңбек» бағдарламасы арқылы 700-ден аса жоба қаржыландырылды

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 765 бизнес-жоба қаржыландырылды. Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте мәлім болды. 

Ауыл кәсіпкерлігі ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Ауылда бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан ауқымды шаралар қолға алынуда. Биыл «Еңбек» бағдарламасы арқылы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бизнес-жобаларға 3063,9 млн теңге бөлініп отыр.   

«Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ 1838,4 млн теңге, Ақмола облысы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 612,8 млн теңге, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 612,8 млн теңге жіберілді. Несие жылдық 6% мал шаруашылығын дамытуға 5 жыл мерзімге, ауыл шаруашылығы кооперативін құруға 7 жыл мерзімге беріледі. Ауылдық жерлерде шағын кәсіп ашу үшін несие «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері курсынан өтіп, бизнес-жобаларды қорғаған азаматтарға ғана беріледі», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жетекшісінің орынбасары Қасым Итқұсов. 

«Бастау» жобасы ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталып, ақмолалықтардың бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, бизнестерін жаңғыртып, кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге жол ашты. Биыл оқуға өтінім берген 1334 адамның 1110-ы тестілеуден өткен. Оқып жатқан 1047 адамның 602-і жұмыссыз, 445-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Қазіргі күні 484 адам қысқа мерзімді курсты аяқтады. 

«Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда бірнеше санаттағы адамдардың шағын несие алуға мүмкіндігі бар. Олар – зейнет жасына жетпеген тұрғындар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өкілдері, фермерлік шаруашылықтар. Шағын несие алу үшін «Bastau Бизнес» жобасының курсынан өткендігін растайтын сертификаттың болуы қажет. Үміткерлер жобаның механизмдерін білу үшін кәсіпкерлер палатасына, селолық округ әкімдері, жұмыспен қамту орталықтары, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан кеңес ала алады. Кәсіпкерлік палатасы тегін бизнес-жоспар жасауға көмектеседі», - деді «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ Ақмола филиалы директорының орынбасары Абзал Кенжеахметов.   

«Еңбек» бағдарламасының басым бағыттарының бірі – селолық елді мекендер мен шағын қалалардағы несие мен шағын несиеге кепілдеме беру. Кәсіпкерлікті жаңа бастағандар үшін кепілдік мөлшері несие сомасының 85%-нан, ал жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін 50% жоғары болмауы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы