Астанада 7 жылға бас бостандығынан айрылған ер адам мен әйелдің туыстары қорғаушыларымен бірге баспасөз мәслихатын өткізіп, оларға тағылған айып және үкіммен келіспейтінін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Ерлі-зайыптылардың қамалуына әкеп тіреген іс алғаш рет 2021 жылы тіркелген. Нақты айтқанда, жеке кәсіпкерлік нысанының бірінде есепші болған Мария Насриденованың жұмыстан кетуі кезінде басталған. Бастапқыда оның шешіміне ұйым иесінің еш қарсылығы болмаған көрінеді. Алайда арада бірнеше ай өткен соң, құны 11 миллион теңгені құрайтын тауардың жетіспейтіндігін айтқан. Кейін бұл көрсеткіш 70 миллион теңгеден асқан.
Зардап шегуші тарап 72 млн теңгеден астам қаржы жымқырылды деп айтқанымен, ол тауар-материалдық құндылық туралы дәлел келтірмеді. Ал апеллияциялық алқа кезінде мүлде жаңа құжаттар әкелді. Сонда оның айналымдағы қаржысы бір млрд-тан асып кеткенін көрсетті. Ал салықтық мәліметтерде төлем туралы құжат жоқ. Одан кейін прокуратура үшінші тұлғаны тартуды сұрады. Сол кезде Нұрсұлтан Жакупов іске тартылды. Бұдан бөлек, ең басты дерек – тауар құжаттары назарға алынбады. Оны берген кісі бұрын қайтыс болған, - дейді қорғаушы Әсел Токаева.
Нұрсұлтан Жакупов пен Мария Насриденованың заңсыз қамалғанына туыстарының да еш күмәні жоқ. Олар екеуінің де босатылуын сұрайды.
Мария өнім алып, менің ініме бергендей, ал інім ол тауарды сатқан деп ұстап отыр. Бірақ ешқандай дәлелі жоқ оған. Тек қана серіктестердің сөзі бойынша «иә, Нұрсұлтан осындай істеді», - деп сонымен жауып отыр. Бұл істің көп сұрақтары бар. Менің келінім Марияның, менің інімнің екі кішкентай баласы бар. Қазір менің келінім жүкті. Кішкентай сәби күтіп жүрміз. Оған қарамастан қамаулы, түрмеде отыр, - дейді Н. Жакуповтың апасы Әсел Асанова.
Ал бұл іс сотта тағы бір мәрте қаралмақ.
Аталған іс қазіргі таңда апелляциялық сот алқасында. Тараптардың барлық дәлелдемелері жоғары тұрған сатының сот отырысында, яғни апелляциялық сатыда заң шеңберіне сәйкес қаралатын болады, - деді Астана қалалық соты баспасөз қызметінің басшысы Алина Райымбаева.
Апелляциялық шағымның қаралуы сәуірдің ортасына белгіленген. Қортындысы жария болмақ.