Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы. Саяси науқанға қарағандылықтар да бір адамдай ат салысуда. Қала тұрғындары таңмен таласа сайлау учаскілеріне келіп, дауыс беруде.
Кезектен тыс президент сайлауында облыс бойынша 938 мың сайлаушы дауыс береді деп жоспарланған. Сайлаушылар үшін 787 сайлау бөлімшесі жұмыс істеп тұр.
Бұл Қарағандының қаласының Октябрь ауданының Майқұдық шағын ауданындағы №169 сайлау учаскесі. Саяси науқанға дайындық таңғы 6.00-ден басталған.
«Сайлау учаскесі сағат 6.00-ден бастап жұмыс істеуде. Алдымен сайлауды бақылаушыларды қабылдадық. Одан кейін сайлау уақытында кімнің сайлаушыларды қабылдайтынын, кімнің бюллетен үлестіретінін нақтыладық. Дауыс беру орны кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Одан кейін 12 сағат ішінде бюллетендерді санауды жүргіземіз», - дейді №169 сайлау учаскесінің төрағасы Зайраш Жантыбаева.
Дауыс беру құқығына ие қарағандылық азаматтар дауыс беру орнына таңғы 7.00-ден бастап келуде.
«Бүгін еліміз үшін тариxи күн. Мемлекет басшысының сайланатын күні. Мен де өзіме берілген конституцилық құқығымды пайдаланып өз таңдауымды жасадым. Қазақстанның болашағы қазақстандықтардың қолында. Сондықтан да дауыс беру, таңдау жасау әрбір азаматтың қасиетті міндеті деп ойлаймын», - дейді қала тұрғыны Асылбек Жанұзақов.
Сайлау учаскісіндегі дауыс берудің ашық әрі әділ өтуін «Аманат» қоғамдық штабының бақылаушылар бақылайды.
«Қоғамдық платформа «Аманат» штабының бақылаушысымын. Сайлау орнына таңғы 5.55-те келдім. Кезектен тыс президент сайлауының заң аясында әділ өтуін бақылайтын боламыз. «Аманат» штабы бақылаушыларға бірнеше рет семинарлар өткізді. Онда ҚР конституциясының сайлау өткізу жайлы заңына сай бақылаушылардың құқығы мен міндеттерімен таныстық», - дейді бақылаушы Рымжан Әділбаева.
Сайлаушылардың алдымен сайлау учаскелеріне барып азаматтық парыздарын орындауларына жағдай туғызу үшін қалалық базарлар 12-ден бастап жұмыс істейді.
Сондай-ақ бүгін жолаушылар автобусында қатынау тегін. Сайлаушылар кешкі 20.00-ге дейін өз таңдауын жасай алады.