Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен "Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдай және қала тіршілігін ұйымдастырудың жаңа алгоритмі" тақырыбына арналған тікелей эфир барысында айтты.
Әкімнің орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі төтенше жағдай режимін тоқтату туралы қабылдаған шешіміне қатысты пікір білдірді.
Бұл ретте Президент пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті екенін айтты. Сондықтан, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Үкімет экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың табысын сақтау үшін арнайы шаралар қабылдауда. Тұрғындардың әлеуметтік ахуалына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі ерекше көңіл бөліп отыр. Өздеріңізге белгілі "Бір біргеміз" қоры құрылып, қиындыққа тап болған азаматтарға үлкен қолдау көрсетілді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ешбірі біздің назарымыздан тыс қалған жоқ, - деді ол.
Бақтияр Мәкен брифинг барысында елордадағы коронавирустық ахуалға қысқаша тоқталып өтті.
Бүгінде қалада коронавирус инфекциясының 1074 жағдайы тіркелді. Тағы 1134 науқас стационарда ем қабылдауда, 414 адам емделіп шықты, үй карантинінде 3539 адам бар. Өкінішке қарай, індеттен 3 адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта жалпы 40 мың зертханалық тестілеу жүргізілді, 24 адам экспресс тестілеуден өтті. Күн сайын 3 мыңнан астам тестілеу жұмыстары өткізіледі. Жалпы, қаламызда 97 нысан карантинге жабылған болатын. Қазіргі таңда 67 нысан карантиннен алынды. Бірақ, нысандарды бақылау жұмыстары күнделікті жүргізіліп отырады, - деді елорда әкімінің орынбасары.