66 млн теңге шығын: Damumed-ке жалған дерек енгізген стоматология директоры үйқамаққа алынды

Күдікті медициналық ақпараттық «Damumed» жүйесіне ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған.

 ©BAQ.KZ архиві/ЖИ Бүгiн 2026, 09:32
Бүгiн 2026, 09:32
231
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында стоматологиялық қызмет көрсету кезінде жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, жеке стоматологиялық клиникаларының директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ-пен жалпы сомасы 450 млн теңгеден асатын медициналық қызметтерді сатып алу туралы шарттар жасасқан.

Шарт талаптарына сәйкес клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде азаматтарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуге міндеттенген. Алайда күдікті медициналық ақпараттық «Damumed» жүйесіне ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған. Нақтысында аталған медициналық қызметтер пациенттерге көрсетілмеген. Заңсыз әрекеттеріне заңдылық сипат беру мақсатында күдікті дәрігерлердің есептік жазбаларын, сондай-ақ клиникаларға бұрын жүгінген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланған, - деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

Нәтижесінде ортодонтиялық көмек көрсетудің 4 597 расталмаған жағдайы анықталды. Келтірілген залал сомасы 66 млн теңгені құрады.

Сот санкциясымен банктік шоттардағы 23 млн теңге көлеміндегі қаражатқа, сондай-ақ құны 29 млн теңгеге стоматологиялық жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу барысында күдікті 11 млн теңге көлемінде залалды өтеген. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін Семейдегі стоматологиядан тексерілмеген медициналық құралдар табылған болатын. 

Наверх