6,1 трлн теңге: Мәжілісте 3 жылдық трансфертке қатысты заң қабылданды

19 Қазан 2022, 10:15
1244
Бөлісу:
6,1 трлн теңге: Мәжілісте 3 жылдық трансфертке қатысты заң қабылданды

Бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023–2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленген.

Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджеттік қағидаға сәйкес мұнайға кесімді бағаны ескере отырып айқындалды және болжам бойынша мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайтын болады. Бұл ретте, заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы баррелліне 2023 жылы 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары 42,2–40,3 доллар деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2,0 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды, - деп атап өтті Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. 

Сонымен қатар ведомство басшысы жоспарлы кезеңде қағидаларды қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы 66,7 млрд долларға дейін қалпына келтіруге, ал 2024–2025 жылдары 78,8–93,2 млрд долларға дейін арттыруға ықпал етеді деп отыр. 

Біздің болжамымыз бойынша, Ұлттық қордан тартылатын кепілдендірілген трансферттің көлеміне және орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынына жоғарғы шекті белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасын уақтылы қабылдау жоспарлы кезеңде республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және осы ретте Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға жол ашады, - деді министр.

Заң жобасы бірауыздан мақұлданды. 

Өзгелердің жаңалығы